Саясаттанушы Құрылтайдың заң шығару үдерісіндегі өзгерістерін түсіндірді

23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы еліміздің саяси тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болмақ. Жаңа Құрылтайдың жасақталуы заң шығару үдерісіне де өзгерістер әкеледі. Осы ретте азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігі мен Құрылтайдың заң шығару қызметіндегі ерекшеліктері туралы саясаттанушы Ғазиз Әбішев пікір білдірді.

Саясаттанушының айтуынша, азаматтардың сайлауға белсенді немесе пассивті қатысуы әр елде әртүрлі. Сондықтан электоралдық белсенділікті бір ғана өлшеммен бағалауға болмайды.

«Пассивті қатысудың өзі екі түрлі жағдайда кездеседі. Бірінші жағдайда кейбір елдерде адамдар мемлекеттік органдардың халық үшін тиімді шешім қабылдайтынына сенбейді. Екінші жағдайда адамдар өз саяси элитасына қатты сенеді және парламенттік сайлауда кім жеңсе де, олардың өмірі айтарлықтай нашарлап немесе өзгеше жақсарып кетпейтінін түсінеді. Бұлар – Дания, Жапония сияқты өте ауқатты елдер», – деді Ғазиз Әбішев.

Оның сөзінше, кей мемлекеттерде сайлауға қатысу патриоттық сезіммен байланысты болса, енді бір елдерде азаматтар өз дауысының маңыздылығына алаңдайды. Ал кей жағдайда электоралдық белсенділікке әкімшілік ресурстың ықпалы болуы мүмкін.

«Сондықтан мен электоралдық белсенділікке қатты назар аудармаймын. Әрине, қай топтардың жиі баратынын салыстырған дұрыс. Егер тек қарттар белсенді болса, бұның өзіндік әсері бар, өйткені қарттардың өз көзқарасы бар. Алайда электоралдық белсенділік түрлі жастағы тұрғындардың арасында біркелкі болса, бұл орташа көрсеткішті құрайды. Бұған өз басым сабырлы қараймын», – деді саясаттанушы.

Ғазиз Әбішев Құрылтайдың бір палаталы жүйеге көшуі заң шығару үдерісіне елеулі өзгеріс әкелетінін атап өтті. Бұған дейін заң жобаларын қарау барысында Мәжіліс пен Сенат арасында пікір қайшылығы туындап, кейбір құжаттарды қабылдау үдерісі созылып отырған.

«Екі палатаның бір палатаға бірігуінен заң шығару үдерісі өзгереді. Біртұтас палаталы Құрылтайда жұмыс неғұрлым мұқият жүргізіледі. Тағы бір айта кететін жайт, палаталар бөлінбегендіктен, бұл құрылым өзіндік палаталық мүдделері жоқ біртұтас ұжым іспетті. Сондықтан біртұтас орган ретіндегі Құрылтайда заң жобалары басқаша қаралатыны анық», – деді Ғазиз Әбішев.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT