Атырауда жастар арасында нашақорлыққа қарсы волейбол турнирі өтті. Бұл шара салауатты өмір салтын және есірткі қылмысына төзбеушілікті насихаттауды мақсат етті.
Іс-шараны Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен «Бұқаралық спортты дамыту» клубы бірлесе ұйымдастырды. 40-қа жуық жас волейболшылар командалық рухты көрсетіп, өзара бақ сынады.

– Біздің мақсат жастарға спорт арқылы дұрыс таңдау жасауға үлгі көрсету. Есірткіге «жоқ» деп айта білетін, салауатты өмір салтын таңдаған жас ұрпақ ел болашағының кепілі. Сондай-ақ командалық ойын жастарды ынтымақтастыққа, жауапкершілікке үйретеді. Мұндай турнирлер арқылы біз тек денсаулықты емес, өмірлік құндылықтарды да насихаттаймыз, — деді ұйымдастырушылар.

Жарыс қорытындысында үздік командалар мен ойыншылар медальдармен, дипломдармен марапатталды. Белсенді қатысқан жас спортшыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Спорт арқылы зиянды әдеттерге қарсы тұру бүгінгі жастар үшін маңызды өмірлік қадам. Бұл турнир салауатты өмір салтының жолын нықтайтын жаңа бастаманың айқын көрінісі болды.
Майра ЕРҒАЛИ

