Құрылтай депутаттарын сайлау – еліміздің саяси жаңғыруының маңызды кезеңдерінің бірі. Сондықтан әр адамның дауыс беру құқығын еркін әрі саналы жүзеге асыруына жағдай жасау – сайлау науқанының басты қағидаты.
Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру ешқандай қысымсыз, ерікті түрде өтеді. Әр сайлаушы қай саяси партияны қолдайтынын немесе дауыс беруге қатысатынын өзі шешеді. Бұл Конституциямен кепілдендірілген құқық.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, сайлау комиссияларының негізгі міндеті – заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және әр адамның дауыс беру құқығын толық іске асыруына мүмкіндік жасау.
– Сайлау процесінің негізі – тұрғындардың еркін және саналы ерік білдіруі. Әр сайлаушы дауыс беруге қатысу-қатыспау керектігін және қай саяси партияны қолдау керектігін өз бетінше шешеді. Мемлекеттік органдар мен сайлау процесіне қатысушылардың міндеті – халыққа еркін, тәуелсіз таңдау жасай алатын жағдайды қамтамасыз ету, — дейді Әсия Баянқызы.
Оның айтуынша, мұндай таңдау жасау үшін тұрғындардың сенімді әрі толық ақпаратқа қол жеткізуі маңызды. Сайлаушылар саяси партиялардың бағдарламаларымен танысып, олардың ұстанымдарын салыстырып барып шешім қабылдай алады.
Сайлаудың тағы бір маңызды қағидаты – дауыс беру құпиясының сақталуы. Бұл талап әр адамның ешқандай ықпалсыз өз таңдауын жасауына кепілдік береді және сайлау нәтижесіне деген қоғамдық сенімді нығайтады.
Саналы таңдау – демократиялық қоғамның басты өлшемдерінің бірі. Сондықтан әр дауыс елдің болашағына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның көрінісі болып саналады.
Майра ЕРҒАЛИ


