Сайлау науқандарының барлығы бірдей жағдайда өткізілмейді. Заңнамада сайлаудың кезекті және кезектен тыс түрлері, сондай-ақ өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған депутаттың орнына сайлау өткізу тәртібі қарастырылған.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, әр сайлаудың өзіндік ерекшелігі бар.
– Әр сайлаудың ерекшелігі бар. Сайлау кезекті, кезектен тыс немесе шығып қалған депутаттарының орнына тағайындалып, өткізіледі, — деді Әсия Баянқызы.
Кезекті сайлау – тиісті сайланбалы органның немесе лауазымды тұлғаның заңда белгіленген өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты өткізілетін сайлау. Мұндай жағдайда сайлау заңнамада белгіленген мерзімдерге сәйкес жоспарланады.
Ал кезектен тыс сайлау тиісті заңды негіздер болған кезде өткізіледі. Оның өткізілуі де сайлау туралы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Сайлау белгілі бір сайланбалы органның барлық құрамын қалыптастырумен ғана шектелмейді. Өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған депутаттың орнына да сайлау өткізілуі мүмкін.
Әсия Баянқызы мұндай сайлаудың әрқайсысына дайындық пен өткізу барысында заңда белгіленген талаптар басшылыққа алынатынын атап өтті.
Сайлаудың түріне қарай оны ұйымдастырудың мерзімі мен тәртібінде ерекшеліктер болуы мүмкін. Сондықтан сайлау процесіне қатысушылар үшін оның қандай негізде тағайындалғанын және қандай тәртіппен өткізілетінін білу маңызды.
Сайлау комиссиялары өз кезегінде тиісті сайлау науқанының ерекшелігіне қарай дайындық жұмыстарын жүргізеді. Сайлау округтері мен учаскелерінің мәселелері нақтыланып, комиссия мүшелері оқытылады, қажетті ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылады.
Осылайша, «сайлау» деген жалпы ұғымның өзі бірнеше түрге бөлінеді. Олардың әрқайсысының тағайындалуы мен өткізілу тәртібі заңнамада белгіленген.
Сондықтан сайлау науқаны туралы сөз болғанда, ең алдымен оның кезекті ме, кезектен тыс па немесе босап қалған мандатқа байланысты өткізіле ме деген мәселеге назар аудару қажет. Бұл сайлау процесінің құқықтық негізін түсінуге мүмкіндік береді.
Майра ЕРҒАЛИ


