Өрт қаупін байқаған полицей тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті
3 тамыз күні сағат 23:30 шамасында Атырау қаласындағы М. Өтемісов көшесі бойындағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында электр желісіне тиіп тұрған ағаш бұтақтары тұтанып, өрт шыққан.
Осы сәтте аталған аумақтан өтіп бара жатқан Атырау қаласы полиция басқармасының ювеналды полиция тобының инспекторы полиция майоры Максим Доскалиев қауіпті жағдайды байқайды. Ол сол күні сағат 21:00-де қызметін аяқтап, жеке шаруасымен кетіп бара жатқан. Жағдайдың күрделілігін бірден бағамдаған полиция қызметкері дереу тұрғын үйге кіріп, ондағы адамдарды сыртқа шығарып, қауіпсіз жерге эвакуациялады. Полиция майоры Максим Доскалиевтің дер кезінде қабылдаған шешімі мен жедел іс-қимылының нәтижесінде тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, ықтимал ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік туды. Полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін тек қызмет барысында ғана емес, кез келген жағдайда жауапкершілікпен атқарады.


