Робототехникадан ұлттық өнерге дейін: №51 мектептегі жазғы лагерь жұмысы

Атырау қаласындағы №51 жалпы орта білім беретін мектепте бейіндік және «Келешек» жазғы лагерьлері өз жұмысын бастады. Демалыс маусымы аясында оқушыларға ұлттық өнер, робототехника, оқу сауаттылығы, «Таза Қазақстан» жобасы және өзге де шығармашылық-білім беру бағыттары бойынша 12 үйірме ұйымдастырылған, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Үйірмелерге 200-ден астам оқушы қатысуда. Соның ішінде робототехника бағытына 15-ке жуық оқушы тартылған. Олар арнайы конструкторлар арқылы роботтар, дрондар және түрлі техникалық құрылғыларды құрастырып үйренуде.

– Оқушылар жобаларды орта есеппен 2-3 сағат ішінде жинақтай алады. Бұл олардың техникалық ойлау қабілеті мен шығармашылық қызығушылығын дамытуға ықпал етеді, – деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Темірбекқызы.

Ал «Келешек» лагері екі кезең бойынша ұйымдастырылып жатыр. Мұнда балалар үшін спорттық жарыстар, танымдық ойындар, шығармашылық байқаулар, экскурсиялар және мәдени іс-шаралар өткізіліп, ыстық тамақ беріледі.

Мамандардың айтуынша, лагерь жұмысы оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына, қарым-қатынас дағдыларын дамытуына және жаңа тәжірибе жинауына мүмкіндік береді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT