Атырау облысы Алмалы ауылында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басым бағыттарды түсіндіруге арналған кездесу өтті. Ақпараттық-талдау тобының мүшелері «Айдана Агро» шаруа қожалығының жылыжай қызметкерлерімен жүздесті.
Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі алғашқы Президент Жолдауы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» деп аталды. Маңызды құжатта елдің алдағы даму бағыттары мен экономикалық, қаржылық және технологиялық мүмкіндіктерді азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағыттау міндеттері айқындалған.
Кездесу барысында Жолдауда көтерілген экономика, кәсіпкерлік, инвестиция тарту, цифрлық технологияларды дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, «Халықтық құрылыс» тұжырымдамасы аясында әлеуметтік, көлік, энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту мәселесіне назар аударылды. Ал халықтық цифрлық экономиканың негізгі мақсаты – заманауи технологияларды өндіріске енгізу, еңбек өнімділігін арттыру және азаматтардың табыс табу мүмкіндіктерін кеңейту.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өндіріс орындарының жұмыс тиімділігін арттыру және жаңа технологияларды қолданудың маңызы сөз болды.
Жиын соңында жылыжай қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікір алмасты. Ақпараттық-талдау тобының мүшелері қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.



