Махамбет ауданындағы «Гранд Берекет» мейрамханасында «Нәзік жандар – мықты рух иелері» атты облыстық әйелдер форумы өтті. Ауқымды шараны Махамбет аудандық әкімдігі, аудандық ішкі саясат бөлімі және «Шаңырақ-2008» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Форумның ашылуында Махамбет ауданының әкімі Қ.Есқабылұлы қатысушыларды құттықтап, әйелдердің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ, өңірдің қоғамдық, әлеуметтік және экономикалық дамуына белсенді араласып жүрген әйелдер қауымына алғысын білдіріп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Шара барысында аудан өнерпаздары «Әйел – өмірдің жүрегі» атты сахналық қойылымын ұсынып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Жиында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бас инспекторы Замзагүл Жалмурзина облыс пен аудандардағы комиссия жұмысына тоқталып, әйелдер көшбасшылығын дамыту, отбасылық құндылықтарды нығайту және әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды сөз етті.
Форумның пленарлық мәжілісін «Дана ой» тұлғаның даму орталығының жетекшісі, коуч, шебер-тренер Данагүл Жайлаубаева жүргізді. Басқосуда түрлі салада еңбек етіп жүрген алты спикер әйелдердің қоғамдағы рөлі мен көшбасшылық қабілетін арттыруға бағытталған өзекті мәселелерді ортаға салды.
Аудандық мәслихат депутаты Шынар Орынбайқызы «Аудан дамуындағы әйелдердің рөлі және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында баяндама жасап, әйелдердің әр саладағы еңбегі мен қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталды.
Республика партиясы жанындағы Re Women Атырау әйелдер қауымдастығының төрайымы, комиссия мүшесі Гүлназ Кәрімжан «Заманауи әйел: отбасы, мансап және қоғамдық жауапкершілік» тақырыбын қозғап, қазіргі әйелдің отбасылық міндет пен кәсіби дамуды қатар алып жүруі жөнінде ой бөлісті.
Атырау қаласындағы «Ұстаз» мектебінің директоры Сәнім Қалуова «Әйел көшбасшылығы: қоғамдық ықпалдан қаржылық тәуелсіздікке дейін» тақырыбында сөз сөйлеп, әйелдердің өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, кәсіби және қаржылық тұрғыдан дамуына назар аударды.
Сондай-ақ, «Әділет» партиясы Индер аудандық филиалының төрағасы Ақжібек Керімбайқызы «Жаңа өзгерістер – жаңа мүмкіндіктер: әйелдердің партиялық белсенділігі» тақырыбында баяндама жасады. А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің мұғалімі Жанат Есениязова «Әйел – тәрбиенің өзегі, көшбасшылықтың бастауы» тақырыбында ұстаздықтың және отбасы тәрбиесінің қоғамдағы маңызын атап өтті.
Ал Өнерпаз мәдениет үйінің режиссері Элеонора Табылдықызы «Цифрлық даму – әйелдердің қоғамдық және экономикалық белсенділігінің драйвері» тақырыбында баяндама жасап, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың әйелдер үшін жаңа жолдар ашатынын айтты.
Форум соңында Махамбет ауданының әкімі Қ.Есқабылов облыс пен алты ауданнан келген делегацияларға, белсенді әйелдерге, комиссия мүшелеріне, ұйымдар мен мекеме өкілдеріне алғыс хаттар табыстады.
Тағылымды шара әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыруға, өзара тәжірибе алмасуға және көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған мазмұнды пікір алмасу алаңына айналды.



А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА



