Қазақстанның ірі мұнай-газ кен орындарында ілеспе газды кері айдау көлемінің артуы ел экономикасы үшін маңызды өндірістік көрсеткіштердің біріне айналып отыр. 2025 жылы Теңіз кен орнында бұл көрсеткіш үш есеге өссе, Қарашығанақта – 16,8%-ға, Қашағанда – 5,9%-ға артқан.
Energy Monitor ақпараттық ресурсының хабарлауынша, ілеспе газды қайтадан қабатқа айдау технологиясы мұнай өндіру көлемін тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде экспорт көлемінің сақталуына, бюджет кірісінің артуына және мұнай-газ секторындағы инвестициялық белсенділіктің күшеюіне ықпал етеді.
Теңіздегі ПБР жобасының іске қосылуы өндірістік қуатты арттырып қана қоймай, экологиялық тиімділікті де күшейтіп отыр. Өйткені ілеспе газды жағу көлемі азайып, газ толықтай қайта өңдеу цикліне жіберіледі.
Ал Қарашығанақтағы компрессорлық жүйелерді жаңғырту және жаңа нысандарды іске қосу энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға серпін беруде. Мамандар мұндай технологиялық жаңартулар Қазақстанның мұнай-газ саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын айтады.
Қашағандағы өндіріс көлемінің ұлғаюы да елдің экспорттық әлеуетіне оң әсер етпек. Энергетика саласындағы ірі жобалардың іске асуы мыңдаған жұмыс орнын сақтауға және сервистік компаниялардың дамуына мүмкіндік береді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

