Отбасы күніне арналған апталық аясында Атырау Жастар театрында Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі «Менің атым – Қожа» повесі негізінде сахналанған қойылым көрермен назарына ұсынылды.
Қазақ балалар әдебиетінің алтын қорынан орын алған шығармаға арада ондаған жыл өтсе де оқырман ықыласы бәсеңдеген емес. Қожа бейнесі арқылы балалықтың аңғал мінезі, арманшылдығы, тентектігі мен тазалығы қатар көрініс табады. Жазушының өміршең туындысы 1963 жылы экранға жол тартып, кейін бірнеше буын көрерменнің сүйікті фильміне айналғаны белгілі.
Атырау Жастар театры ұжымы бұл жолы повестің өзегін ғана емес, көрерменнің бала күнге деген сағынышын сахна тіліне арқау еткен. Қойылым барысында Қожаның мектеп қабырғасындағы қызықты оқиғалары, Жанарға деген балаң сезімі, жазушы болуға деген арманы мен жақсы адам болуға ұмтылысы көркемдік шешіммен сабақтасты.
Қоюшы режиссер Мұқанғали Томанов бала табиғатына терең бойлап, кейіпкердің ішкі әлемін, мінезіндегі құбылыстарды нанымды жеткізуге мән берген. Сондықтан сахнадағы Қожа бір ғана тентек баланың бейнесі болып қалмай, әр көрерменге өзінің балалық шағын еске салатын таныс кейіпке айналды.
Қойылымның басты рөлін Б.Төлепов сомдаса, Жанардың бейнесін Ә.Силықова, Қожаның анасын Л.Апанеава, әжесін А.Нсанбаева, Майқанованы Н.Рахманова, Қаратайды А.Бәдел, Жантасты Қ.Хайруллин, Сұлтанды Д.Әмірхан, күзетші шалдың рөлін С.Шынтеміров орындады.
Спектакльдің музыкалық безендірілуі мен сахналық қимылы да қойылымның мазмұнын толықтыра түсті. Қоюшы суретші Т.Коесов, хормейстер М.Нұрлыбекқызы, балетмейстер Э.Машаева шығарманың көңіл күйін сахналық шешіммен ұштастырды.

Отбасы күніне арналған апталық аясында өткен қойылымның тағылымдық мәні де осында. Өйткені бала тәрбиесі тек ақыл айтумен емес, оның жан дүниесін түсінуден, қателігін кешіріп, дұрыс жолға бағыттай білуден басталады. Қожа тағдыры арқылы осы қарапайым, бірақ маңызды ақиқат көрерменге қайта ой салды.
Б.Соқпақбаевтың кейіпкері сахнадан сахнаға қойылып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Атыраудағы қойылым да балалық шақтың бейкүнә әлеміне жетелеп, отбасылық тәрбие мен адамдық құндылықтардың мәнін тағы бір мәрте еске салды.
Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әсем АСЛАНБЕКҚЫЗЫ



