Мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, білікті кадрларды тарту және жастардың мемлекеттік басқару саласына қызығушылығын арттыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта елімізде мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін оңтайландыруға бағытталған бірқатар жаңашылдық енгізілді.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңы күшіне енді. Аталған заң мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіруге, мемлекеттік аппараттың кәсіби әлеуетін арттыруға, талантты жастарды мемлекеттік қызметке тартуға және кадрларды іріктеу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған маңызды өзгерістерді қамтиды.
Жаңа заңдағы негізгі жаңашылдықтардың бірі – жоғары оқу орындарының үздік түлектерін мемлекеттік әкімшілік қызметке конкурссыз қабылдау мүмкіндігінің кеңейтілуі.
Бұған дейін мұндай құқық мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған және оқу үлгерімінің орташа көрсеткіші (GPA) 3,33-тен жоғары болған жоғары оқу орындарының түлектеріне берілетін. Енді заң талаптарына сәйкес, білім алу нысанына қарамастан, GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес жоғары оқу орындарының түлектері Заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурс өткізілместен орналасуға мүмкіндік алды.
Бұл – мемлекеттік қызметке білімі жоғары, оқу үлгерімі жақсы, әлеуеті мол жастарды тартуға бағытталған маңызды қадам.
Мемлекеттік басқару саласына жас әрі білікті мамандардың келуі мемлекеттік аппараттың жаңаруына ғана емес, басқару үдерістеріне заманауи көзқарастардың енгізілуіне де ықпал етеді. Жоғары оқу орнын жақсы нәтижемен аяқтаған түлектердің білімін, кәсіби дағдыларын және жаңа идеяларын мемлекеттік қызметте пайдалану елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Жаңа тәртіптің тағы бір маңызды ерекшелігі – мемлекеттік қызметке орналасу кезінде жастардың білім алу нысанына байланысты шектеулердің алынып тасталуы. Яғни мемлекеттік тапсырыс шеңберінде немесе ақылы негізде білім алғанына қарамастан, оқу үлгерімінің жоғары көрсеткішіне қол жеткізген түлектерге өз білімдері мен қабілеттерін мемлекеттік қызметте жүзеге асыруға мүмкіндік беріліп отыр.
Бұл ретте конкурссыз қабылдау мемлекеттік қызметке қойылатын талаптардың жойылатынын білдірмейді. Керісінше, мемлекеттік қызметке орналасатын азаматтар заңнамада белгіленген біліктілік талаптарына және өзге де міндетті рәсімдерге сәйкес келуі тиіс.
Аталған жаңашылдықтың алғашқы нәтижелері өңірімізде де көрініс тауып отыр. Бүгінде Атырау облысында жаңа мүмкіндік арқылы 33 жас түлек мемлекеттік қызметтің басшылық емес лауазымдарына конкурссыз тағайындалды.
Бұл – жаңа Заң нормаларының өңірде нақты іске асып, жастарға мемлекеттік қызметке келудің қосымша жолын ұсынып отырғанының айқын көрсеткіші.
Жас мамандардың мемлекеттік қызметке келуі – кадрлық әлеуетті күшейтудің маңызды тетігі. Себебі қазіргі заманғы мемлекеттік басқару жүйесі кәсіби білімі терең, цифрлық технологияларды меңгерген, өзгерістерге бейім және қоғамның сұранысын түсінетін мамандарды қажет етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне беріліп отырған мүмкіндік мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын сапалы жасақтауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.
Сонымен қатар, бұл бастама жастар арасында мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға, дарынды түлектерді ел игілігі жолында еңбек етуге ынталандыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, мемлекеттік қызметке келген жас мамандардың кәсіби дамуына, тәжірибе жинақтауына және мемлекеттік басқару саласында өз әлеуетін толық іске асыруына жол ашылады.
Мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет ету мен ел дамуына үлес қосудың маңызды алаңы. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің бойында кәсібилікпен қатар жауапкершілік, адалдық, заң талаптарын сақтау және азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне құрметпен қарау қасиеттері болуы қажет.
Жаңа заңның негізгі мақсаты да – осындай қағидаттарды сақтай отырып, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және кәсіби мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту.
Осыған байланысты жоғары оқу орындарының оқу үлгерімі жоғары түлектері үшін жасалған жаңа мүмкіндік – мемлекеттік қызмет саласына қызығушылық танытқан жастар үшін маңызды бастама.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Атырау облысы бойынша департаменті жастарды мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырады.
Ел болашағы – білімді, білікті және жауапты жастардың қолында. Ал олардың мемлекеттік қызметке келуі – елдің тұрақты дамуына, мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға және қоғам игілігіне бағытталған маңызды қадам.
Ерғара Анаргүл Ерболатқызы
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Атырау облысы бойынша департаменті
Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы


