Мемлекеттік аудит: тиімділік пен ашықтыққа бағытталған бақылау

Мемлекеттік аудит – бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ететін маңызды тетік. Оның негізгі мақсаты – бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқару және пайдалану тиімділігін арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар ел қаржысының орынды жұмсалуына, заң талаптарының сақталуына және мемлекеттік ресурстардың тиімді басқарылуына ықпал етеді.

Жыл басынан бері сегіз айда жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде жалпы сомасы 179 млрд 697,7 млн теңгенің бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде 86 млрд 123,7 млн теңгесі қаржылық бұзушылықтарға, ал 93 млрд 574 млн теңгесі рәсімдік сипаттағы бұзушылықтарға тиесілі.

Мемлекеттік қаржының тиімді әрі заң талаптарына сай жұмсалуын қамтамасыз етуде мемлекеттік сатып алуларға жүргізілетін камералдық бақылаудың маңызы зор. Есепті кезеңде камералдық бақылау аясында 11 944 мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. Нәтижесінде 1 635 мемлекеттік сатып алу бойынша жалпы сомасы 30 млрд 569,2 млн теңгенің бұзушылықтары анықталды.

Аталған бұзушылықтарды жою мақсатында 1 615 хабарлама жолданып, олардың барлығы толық орындалды. Бұл көрсеткіш камералдық бақылаудың алдын алу және заң бұзушылықтарға жол бермеу бағытындағы тиімді құрал екенін аңғартады.

Мемлекеттік аудиттің тағы бір маңызды бағыты – заң талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қолдану. Есепті кезеңде департамент тарапынан 452 лауазымды және заңды тұлғаға жалпы сомасы 46,9 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде 39,7 млн теңге бюджетке өндірілді.
Сонымен қатар азаматтар мен ұйымдардың өтініштерін қарау мәселесіне де ерекше мән берілуде. 2026 жылдың сегіз айында департаментке 565 өтініш келіп түскен. Олардың барлығына заңнамада белгіленген тәртіппен және тиісті мерзімде жауап берілді.
Осы тұрғыдан алғанда, жүргізіліп отырған аудит пен бақылау жұмыстары мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болып қала береді.

Зоя САПАРОВА, 
Атырау облысы бойынша 
Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 
басшысының орынбасары

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT