Мамандыққа адалдық

Әскерде сарбаздың денсаулығы сыр берсе, оған қамқорлық танытатын маман бар. Ол әскери медицина саласының тағылымды қызметкері, Атырау гарнизоны 41321 әскери бөлімінде жиырма жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан Сәуле Оразалиқызы.

 

Әскери бөлімнің медициналық пунктіндегі ақ желеңді абзал жанның жұмысы сарбаздардың денсаулығын сақтау, олардың сапқа тез қосылуына бағытталған. Әйелге тән мейірім мен сабырды әскери тәртіппен ұштастыра білген Сәуле Оразалиқызы үшін бұл сала үздіксіз кәсіби және тұлғалық дамудың мектебі іспетті.

 

– Медицина маманы ретінде әр сарбаздың денсаулығын сақтауды басты міндет санаймын. Өмірде түрлі жағдай кездеседі, жұмыстан тыс уақытта шұғыл медициналық көмек көрсеткен кездер де болды. Жалпы, әскери қызметшінің денсаулық жағдайын үнемі бақылауда ұстап, сапалы медициналық қызмет көрсету маңызды.

 

Сондай-ақ мерзімді қызметтегі жауынгерлердің амандығы мен денсаулығы әрдайым бірінші орынға қойылады. Осы бағыттағы күнделікті қызмет кәсіби тәжірибе жинауға ықпал етті, – деген пікірімен бөлісті кейіпкеріміз.

 

Осы тұста 41321 әскери бөлім басшылығы да Сәуле Оразалиқызының кәсібилігін жоғары бағалайтынын айта кетейік.

 

– Медициналық пункттің жүрегі секілді әріптесіміз жеке құрамның денсаулығын бақылап, әр қызметшінің дер кезінде ем алып, сапқа тез қосылуына қамқорлық жасайды. Гиппократ антына берік маман қызметтік міндетін адалдықпен атқарады, – деген пікірмен бөлісті офицерлер.

 

Расында, Сәуле Оразалиқызының өмірлік жолы әскери медицинадағы әріптестері үшін үлгі. Саладағы дәрігердің, фельдшердің, мейірбикенің, санитардың кәсіби шеберлігі, жанқиярлығы және адам өміріне деген жауапкершілігі ел қауіпсіздігі мен сарбаздар саулығының сенімді кепілі екені белгілі.

 

Осы бағытта Сәуле Оразалиқызының тағылымы ізінен ерген ізбасарларға темірқазық болып, жас мамандар аға буындағы адалдық пен табандылықтың жарқын үлгісін өз ортасында қалыптастырып келеді.

 

Нұржанат МҰХАМЕТ,

 

Қорғаныс министрлігі Ақпарат және коммуникациялар департаментінің

 

Атырау филиалы баспасөз қызметінің бастығы, лейтенант

 

  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT