Махамбет ауданында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіру және онда белгіленген басым бағыттарды талқылау мақсатында кездесу өтті.
Жиынға Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Мұса Хайруллиев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Назарбек Қосшиев, қоғам өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында спикерлер Жолдауда көтерілген өзекті мәселелерге тоқталып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, экономиканың тұрақтылығы, салық және бюджет саясатын жетілдіру, цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын дамыту бағытындағы міндеттерді түсіндірді.
Атап айтқанда, Құрылтай депутаты Мұса Хайруллиев Мемлекет басшысының макроэкономикалық саясатты тиімді жүргізу жөніндегі тапсырмаларына тоқталып, салық саясатын жетілдіру мен бюджет кірістерін тиімді қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар кездесуде білім беру саласы, мұғалім мәртебесі мен құқығын қорғау, халықтың әл-ауқатын арттыру және әділетті қоғам қалыптастыру мәселелері де назардан тыс қалмады.
Жиын барысында аудан тұрғындары да өз ой-пікірлерімен бөлісті. Махамбет аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Нұриденұлы Жайлашев Жолдауда көтерілген бастамалардың ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталды. Ал Дүйсенғали Төленов атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Арайлым Ерғалиева ұстаз мәртебесін көтеру мен педагогтердің құқықтарын қорғау мәселесі жөніндегі түсінігін ортаға салды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.



