Lotus Fest-2026 фестиваліне 30 мыңнан астам адам жиналды

Құрманғазы ауданында табиғат пен мәдениетті ұштастырған Lotus Fest фестивалінің алғашқы күні қорытындыланды. Ауқымды шараға бүгін 30 мыңнан астам адам жиналып, ауданның туристік әлеуеті мен мәдени ерекшелігі кеңінен таныстырылды.

 

Фестивальдің алғашқы күні таңертең Lotus RUN марафонымен басталды. Спорттық шараға 100-ге жуық адам қатысып, ең жас қатысушы 13 жаста болса, ең үлкені 80 жастан асқан ардагер болды. Марафонға қатысушылардың барлығына арнайы медальдар табысталды.

Күндіз фестиваль қонақтарына арналған түрлі мәдени-танымдық және ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Туристік сайыстар өтіп, келушілер қайықпен серуендеп, лотос алқабын жақыннан тамашалауға мүмкіндік алды.

 

Фестиваль аумағында жергілікті кәсіпкерлер үшін де арнайы алаңдар жұмыс істеді. 12 қолөнерші өз бұйымдарын таныстырып, 50 кәсіпкер сауда-саттық жүргізді. Сонымен қатар 15 фуд-корт келушілерге түрлі тағамдар ұсынды. Балаларға арналған ойын-сауық аймақтарында 8 кәсіпкер қызмет көрсетті.

 

Кешкі уақытта фестивальдің гала-концерті ұйымдастырылып, жергілікті өнерпаздармен қатар елімізге танымал эстрада жұлдыздары сахнаға шықты. Көрермендер алдында «Меломен» тобы, Байтанат, Тұрар, Алхам  өнер көрсетті.

 

 

Фестиваль барысында қонақтар лотос алқабының табиғи сұлулығын тамашалап қана қоймай, спорттық жарыстарға қатысып, жәрмеңкелерді аралап, концерттік бағдарламаларды тамашалады.

 

Осылайша, Lotus Fest-тің алғашқы күні Құрманғазы ауданында жоғары деңгейде өтіп, тұрғындар мен қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Табиғи көрікті жерді насихаттауға бағытталған фестиваль өңірдің туристік әлеуетін танытатын маңызды шараға айналды.

Фестивальдің екінші күні де түрлі мәдени, спорттық және ойын-сауық бағдарламаларымен жалғасады.

 

 

 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT