«Құрылтай» атауы қайдан шықты және жаңа органның мәні неде?

Қазақстанның саяси жүйесіндегі маңызды өзгерістің бірі – Құрылтай атты жаңа өкілді органның қалыптасуы.

 

Оның атауы кездейсоқ таңдалған жоқ. «Құрылтай» ұғымы қазақ мемлекеттілігінің тарихи дәстүрімен сабақтасып жатыр.

 

 

 

Ежелгі және ортағасырлық кезеңдерде құрылтайлар ел өміріндегі аса маңызды мәселелер талқыланатын жиын ретінде белгілі болған. Мұндай басқосуларда мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылданып, елдің болашағына қатысты мәселелер қарастырылған. Сондықтан бұл атау қоғамның ортақ мәселелерін талқылау және ұжымдық шешім қабылдау дәстүрін білдіреді.

 

 

 

Қазіргі Құрылтайдың тарихи атауды иеленуі мемлекеттік дәстүрлердің сабақтастығын көрсетеді. Сонымен бірге жаңа орган қазіргі саяси жүйенің талаптарына сәйкес жұмыс істейтін өкілді билік институты ретінде қалыптасады.

 

 

 

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева жаңа сайлаудың ерекшелігін атап өтті.

 

 

 

–Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы алғаш рет өткелі отыр. Жаңа орталық өкілетті органның депутаттарына кандидаттарды саяси партиялар өздерінің тізімдері арқылы ғана ұсынады. Науқан тек пропорционалды сайлау жүйесі арқылы өтеді, — деп түсіндірді Әсия Баянқызы.

 

 

 

Құрылтай сайлауының тағы бір ерекшелігі – Қазақстанның бір палаталы жүйеге көшуімен байланысты. Бұған дейін заң жобалары Мәжіліс пен Сенатта кезекпен қаралатын. Жаңа модельде заң шығару жұмысы бір өкілді орган шеңберінде шоғырланады.

 

 

 

Бұл өзгеріс заң шығару рәсімдерін оңтайландыру және өкілді органның жұмысын тиімді етуді мақсат етті. Бір орган шеңберінде заң жобаларын қарау шешім қабылдау процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар артық бюрократиялық рәсімдерді қысқарту көзделеді.

 

 

 

Жаңа жүйеде тұрғындардың өкілді органды қалыптастырудағы ролі де маңызды. Құрылтай депутаттары сайлау арқылы халықтың ерік білдіруі негізінде қалыптасады. Демек, алдағы сайлау жаңа саяси модельдің іс жүзінде іске асуына жол ашатын маңызды кезең болмақ.

 

 

 

Құрылтайдың қалыптасуын тек атаудың өзгеруі емес, өкілді билікті ұйымдастырудағы жаңа тәсілдің басталуы деуге болады. Оның жұмысы заң шығару процесінің тиімділігімен қатар, қоғам мүддесінің өкілді органда қаншалықты ескерілетінімен де бағаланады. Сондықтан жаңа Құрылтайдың қалыптасуы елдің саяси дамуындағы маңызды кезең ретінде қарастырылады.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT