Құрманғазы делегациясы Бөкей ордасына не үшін барды?

«Таза Қазақстан» бастамасы табиғи ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бұл ретте табиғи аумақтардың қауіпсіздігін сақтау, жерді ұқыпты пайдалану және өрттің алдын-алу мәселелері де маңызды. Осы бағыттағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында Құрманғазы ауданының делегациясы Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданына жұмыс сапарымен барды.

Аудан әкімі Абат Жанғалиев бастаған делегация құрамында аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары М.Хасанов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Тулепов, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Нұрланұлы, сондай-ақ шекаралас орналасқан Сүйіндік, Асан және Азғыр ауылдық округтерінің әкімдері болды.

1001711087

Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – Бөкей ордасы ауданы аумағындағы Ресей Федерациясының әскери сынақ полигоны жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану мәселелерін талқылау. Атап айтқанда, Құрманғазы ауданының Сүйіндік, Асан және Азғыр ауылдық округтеріндегі шаруашылықтардың осы аумақта мал азығын дайындауына қатысты өзекті мәселелер қаралды.

Осыған байланысты Сайқын ауылында Құрманғазы және Бөкей ордасы аудандары басшылығының, сондай-ақ Ресей Федерациясының әскери сынақ полигоны басшылығы өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында мәселені өзара түсіністік пен қолданыстағы заңнама аясында шешу жолдары талқыланды. Тараптар әскери сынақ полигоны жерлерін пайдалану кезінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қолданыстағы келісім талаптарын қатаң сақтаудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу кезінде, оның ішінде шөп шабу мен мал жаю барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын мүлтіксіз орындау қажеттігіне ерекше назар аударылды. Бұл табиғи аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрттің алдын-алу үшін маңызды.

Бұдан бөлек, белгіленген тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының аумағы арқылы ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдау кезінде ветеринариялық талаптардың сақталуын бақылауды күшейту мәселесі де көтерілді.

Кездесу қорытындысында тараптар заң талаптарын сақтай отырып, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің мүддесін ескеріп, туындаған мәселелерді өзара ынтымақтастық негізінде шешу бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

 

Майра ЕРҒАЛИ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT