КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ БОЛАШАҒЫН АЙҚЫНДАЙТЫН ҚҰЖАТ

Арыс қаласындағы «Торабтық аурухана» өндірістік кооперативінің базасында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты облыстық коалиция мүшелерінің медицина қызметкерлерімен кездесуі өтті.

 

Басқосуға Түркістан облыстық коалиция төрағасы, облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық коалиция мүшелері: «Ауыл» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Төрегелді Қалмұратов, «RESPUBLICA» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бекжан Айтқұлов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Бақытжан Серманизов, Ержан Қосмамбетов, Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университеті аға оқытушысы Олжас Досекеев, «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, қалалық мәслихат депутаты Маханбет Төлебеков және дәрігерлер мен орта буын медицина мамандары қатысты. Жиын барысында алдағы референдумның мәні мен Конституцияға енгізілетін өзгерістердің маңызы кеңінен талқыланды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, сала мамандары көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

 

Алғаш сөз алған өңірлік коалиция төрағасы Нұралы Абішов ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің әлеуметтік бағыттылығына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа нормалар азаматтардың денсаулығын қорғау құқығын нақтылай түсіп, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға құқықтық негіз қалыптастырады. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік кепілдіктерін күшейту және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселелері де маңызды бағыттардың бірі екені айтылды.

 

Түркістан облыстық коалиция мүшелері де сөз сөйлеп, заң жобасының денсаулық сақтау жүйесіне тигізетін оң әсерін, денсаулық саласы әлеуметтік мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мемлекеттің басты міндеті екенін айта келе, ол референдум әрбір азаматтың ел болашағына қатысты таңдау жасайтын маңызды сәті екенін жеткізді. Олар реформалар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру арқылы ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, медициналық инфрақұрылымды дамытуға және саланың қаржылық ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал ететінін жеткізді. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Қатысушылар ұсынылып отырған өзгерістердің денсаулық сақтау саласының дамуына, мамандардың мәртебесін арттыруға және халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал ететініне сенім білдірді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT