«Келешек мектеп» – ауылды ұстап қалудың кепілі

Мемлекеттік тілде білім беретін заманауи мектептер ауыл өмірін жандандырып, солтүстік өңірлерде халықтың тұрақтауына ықпал етуде, «ТоболИнфо» хабарлайды.

Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесінде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Соның айқын дәлелі – «Келешек мектеп» ұлттық жобасы. Бұл бастама сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға, оқушыларға қауіпсіз әрі заманауи жағдай жасауға бағытталған.

«ТИ» ақпараттық агенттігінің тілшілері Қостанай облысында ұлттық жоба бойынша салынған ауылдағы мектепке барып, жалпы сол ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Оған қоса екінші солтүстіктегі өңірлердің бірі Павлодар облысындағы ауылдағы келешек мектеп жайында ақпарат іздестірді.

ҰЛТТЫҚ ЖОБА ЖАЙЫНДА

Жалпы Қазақстан бойынша ұлттық жоба аясында барлығы 217 мектеп салынуда, олар 460 мың оқушы орнын қамтамасыз етеді. Оның ішінде 2024 жылы 105 мектеп, яғни 254 мың орын пайдалануға берілді. Ал 2025 жылы тағы 112 мектеп іске қосылады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда бұл 112 нысанның 68-інде құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған, қалған 44 мектеп жыл соңына дейін тапсырылмақ.

Министрліктің мәліметінше, бұл жобалар елдің барлық өңірлерін, соның ішінде ауылдық аймақтарды да қамтиды. Мектептердің нақты орналасуы мен қуаттылығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 қаулысында бекітілген. Бұл құжатта әр өңір бойынша мектептердің саны мен олардың жобалық қуаты егжей-тегжейлі көрсетілген.

— Келешек мектептердің салынуы елді мекендердің халық тығыздығына, оқушы санына және қашықтығына байланысты жүзеге асырылады. Шешім қабылдау кезінде министрліктің 2022 жылғы 6 мамырдағы №185 бұйрығымен бекітілген «Білім беру ұйымдарының желісіне қойылатын мемлекеттік кепілдік нормативтері» басшылыққа алынады. Бұл құжатта мектептердің аумағына, сыныптардың саны мен көлеміне, инженерлік инфрақұрылымға және басқа да талаптарға нақты стандарттар белгіленген, — дейді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі.

Министрлік түсіндіргендей, жаңа мектеп салу туралы бастаманы алдымен жергілікті атқарушы органдар – аудандық немесе облыстық әкімдіктер көтереді. Ал жобаны бекітіп, жүзеге асыруды Оқу-ағарту министрлігі үйлестіреді. Мұндай тәсіл халық саны өсіп жатқан елді мекендерде мектеп тапшылығын азайтуға және білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа мектептер заманауи талаптарға сай жарық әрі қауіпсіз кабинеттермен, IT-зертханалармен, кітапханалармен, спорт және коворкинг залдарымен жабдықталады.

«Келешек мектеп» жобасы тек жаңа ғимарат салу емес, ол – білім сапасын теңестірудің маңызды тетігі. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты жою, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау – ұлттық жобаның басты мақсаты. Ауылдық жерлерде де үлкен өзгерістер байқалады: жаңа мектептерде интерактивті тақталар, мобильді кітапханалар, бейнебақылау жүйелері орнатылып, балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы басты назарда тұр.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама – ел болашағына салынған инвестиция. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Оның білім алу ортасы да заман талабына сай болуы тиіс. Министрлік өкілдерінің пікірінше, «Келешек мектеп» ұлттық жобасы білім беру сапасын арттырып қана қоймай, өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауылдық жерлерде жастардың тұрақтауына ықпал етеді.

АУЫЛДЫҢ ЖАРҚЫН КЕЛЕШЕГІН ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

Президент «Келешек мектеп» ұлттық жобасының басты мақсаты – ауылдардағы апаттық және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жобаның жүзеге асуы білім сапасын арттырумен қатар, ауылды жерлердің әлеуметтік дамуына серпін береді. Әсіресе, мемлекеттік тілде оқытатын жаңа мектептердің салынуы солтүстік өңірлерде тілдік ортаның қалыптасуына оң ықпал етіп отыр.

Мысалы, 2023 жылы Павлодар облысы, Қаражар ауылында 650 миллион теңгеге салынған 100 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл – «Келешек мектеп» жобасының алғашқы жемістерінің бірі. Екі қабатты жаңа білім ордасы ескі, 1958 жылы салынған тозығы жеткен ғимараттың орнына бой көтерді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT