Атыраудағы №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде таэквандо бөліміне 140 бала қатысады. Жаттығулар жас ерекшелігіне қарай ұйымдастырылып, 9–14 жас аралығындағы спортшылар арнайы топтарда дайындалады. Қазір олар Ақтау қаласында өтетін республикалық ашық турнирге қызу әзірленуде.
Жеңімпаздар қатары жыл сайын толығуда
Мектеп тәрбиеленушілері республикалық жарыстарда тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып келеді. Биыл Қазақстан чемпионатында бір спортшы қола жүлде жеңіп алса, өткен жылы екі жас таэквондошы үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ бұл мектептен бірнеше Қазақстан чемпионы мен республикалық ашық турнирлердің жеңімпаздары шыққан.
Мыңнан астам бала спортпен шұғылданады
Бүгінде №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың тоғыз түрі бойынша 1091 бала жаттығады. Мұнда жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, оларды республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға жүйелі түрде дайындау жұмыстары жүргізілуде.


