Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен, Халықаралық бағдарламалар орталығымен және «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-мен бірлесіп, елдің атом саласын дамыту үшін кәсіби кадрлық резерв қалыптастыруға бағытталған гранттарды бөлуді келісіп алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің мәліметінше, бұл бастама Қазақстандағы атом энергетикасының өсуіне маңызды инженерлік, техникалық және ғылыми бағыттар бойынша мамандарды тартуға мүмкіндік береді.
2026 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында 20 грантты пилоттық түрде беру жоспарланған. Болашақта жыл сайын осындай гранттар бөлінетін болады. Бағдарлама шетелдің жетекші университеттеріндегі халықаралық тағылымдамаларды, магистрлік және докторлық білім беру тректерін қамтиды.
Жоба атом саласындағы технологиялық прогресті қамтамасыз ете алатын және атомдық технологияларды қауіпсіз енгізуге қабілетті жаңа буын инженерлік және ғылыми кадрларды даярлауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, мамандардың құзыреттерін дамыту – Мемлекет басшысының заманауи энергетикалық кластер қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына сай келеді. Ол берілетін гранттар – саланы алға жылжытып, оның тұрақтылығы мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыратын адамдарға жасалған инвестиция екенін атап өтті.
Бағдарламаны іске қосу Қазақстанның болашақ атом энергетикасы үшін берік кадрлық негіз қалыптастыру және ғылыми-техникалық әлеуетті нығайту жолындағы маңызды қадам болмақ.
Бұған дейін Атом энергиясы жөніндегі агенттік еліміздегі алғашқы АЭС-ті қызмет көрсететін мамандарды даярлау қалай жүзеге асатыны және болашақ станция қызметкерлеріне қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетіні туралы хабарлаған еді.
Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев «Росатомның» Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысына қашан кірісетінін айтып берген.


