Қазақстан америкалық Remitly компаниясы әзірлеген халықаралық Immigration Index 2026 рейтингінде ТМД елдері арасында бірінші орынға ие болды.
82 мемлекетті қамтыған әлемдік рейтингте Қазақстан 53-орынға жайғасып, зерттеуге енген өңірдегі барлық елдерден озып шықты.
Салыстыру үшін посткеңестік кеңістіктегі басқа мемлекеттердің көрсеткіштері төмендегідей болды:
• Молдова — 56-орын;
• Әзербайжан — 66-орын;
• Армения — 74-орын;
• Өзбекстан — 75-орын.
Ал Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Украина зерттеуге енгізілмеген.
Рейтинг авторлары елдерді 16 санатқа біріктірілген 34 көрсеткіш бойынша бағалаған. Олардың қатарында қауіпсіздік деңгейі, денсаулық сақтау мен білім беру сапасы, экологиялық жағдай, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, өмір сүру құны, тұрғын үйдің қолжетімділігі, қоғамдық көліктің дамуы, отбасыларды қолдау және ірі мигранттық қауымдастықтардың болуы бар.
Әлемдік рейтингтің көшін Швейцария бастады.
Remitly компаниясының мәліметінше, индексті құрастыру кезінде тек экономикалық көрсеткіштер ғана емес, сонымен қатар өмір сапасы, қауіпсіздік деңгейі, отбасыларға қолайлы орта және мигранттардың ұзақ мерзімді бейімделу мүмкіндіктері де ескерілген.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазіргі мигранттар үшін өмір сапасы, қауіпсіздік, медициналық қызметтердің қолжетімділігі және ұзақ мерзімді болашақ құру мүмкіндігі негізгі факторлар болып қала береді. Осы көрсеткіштердің жиынтығы бойынша Қазақстан 2026 жылғы рейтингте ТМД елдері арасында көшуге ең қолайлы мемлекет деп танылды.



