ҚАУІПСІЗ ОТБАСЫ – ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ НЕГІЗІ

2026 жылғы 2–4 қыркүйек аралығында еліміздің аумағында «Қауіпсіз отбасы» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – отбасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық жанжалдардың жолын кесу және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.

Осы бағытта Индер ауданы полиция бөлімі Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударуда.

Іс-шара барысында профилактикалық есепте тұрған тұлғалардың тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, отбасылық жанжалдарға бейім азаматтармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелеріне басымдық беріледі.

Отбасы – қоғамның негізгі тірегі. Сондықтан оның тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қандай да бір қиын жағдайға тап болған азаматтар құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгініп, көмек сұраудан тартынбауы қажет.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға өзара сыйластық пен түсіністікті сақтаудың, жанжалдың алдын алудың маңыздылығын түсіндіруде. Әсіресе, балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне ата-аналардың жауапкершілігін арттыру – басты назардағы мәселелердің бірі.

«Қауіпсіз отбасы» іс-шарасы аясындағы жұмыстардың барлығы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған.

Қауіпсіз отбасы – қауіпсіз қоғамның бастауы. Отбасы тыныштығын сақтау – баршамызға ортақ жауапкершілік!

Индер ауданы полиция бөлімі
Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT