Облыстық «Атырау» газетінің редакциясына «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының редакторы Дәуіржан Төлебаев пен әдебиеттанушы, менеджер, Рақымжантанушы Сержан Тоқтасын арнайы келді. Қонақтар редакция ұжымымен жүздесіп, басылымның тыныс-тіршілігімен, жұмыс барысымен және ақпарат тарату бағытындағы қызметімен танысты.
Кездесу барысында меймандар газет тілшілерімен пікір алмасып, басылымның құрылымын, редакциялық жұмыс жүйесін көрді. Газеттің баспа нұсқасымен қатар, сайт арқылы оқырманға жедел ақпарат жеткізу, өзекті тақырыптарды көтеру және өңір өміріндегі маңызды оқиғаларды кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстары таныстырылды.
Қонақтар облыстық «Атырау» газетінің мазмұндық сипатына және сыртқы безендірілу ерекшеліктеріне назар аударды. Басылымның дизайны мен мазмұндық құрылымына оң баға беріп, оны өңірдегі маңызы жоғары қоғамдық-саяси газеттердің бірі ретінде атап өтті.
Кездесу барысында редакция жұмысының негізгі бағыттары мен журналистердің күнделікті қызметі жөнінде де сөз болды. Мұндай жүздесулер тәжірибе алмасуға, әріптестік байланысты нығайтуға және мерзімді баспасөздің бүгінгі даму үдерісі туралы ой бөлісуге мүмкіндік берері анық.
Іңкәр ЖҰМАҚҰЛ



