Бүгін таңертең Атырауда екінші рет ұйымдастырылып отырған Tour de Saraishyq – 2026 велошеруі басталды. Қазақстанның әр өңірінен келген және шетелдік қонақтарды қоса алғанда, 150-ден астам велоспорт әуесқойы Сұлтан Бейбарыс алаңынан ежелгі Сарайшық қалашығына дейінгі 100 шақырымдық жолға шықты.
Жарыс басталар алдында қатысушыларға Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов сәлем берді.
— Tour de Saraishyq велошеруінің екінші жыл қатарынан өтуімен құттықтаймын! Осындай көне әрі тарихы бай өлкеде барлық қатысушыларды қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Бүгін сіздерді ерекше бағыт күтіп тұр. Бұл маршрут екі құрлықты байланыстырады: сіздер Еуропадан Азияға сапар шегіп, сонымен бірге өңіріміздің табиғи сұлулығын тамашалап, тарихи мұрасын сезіне аласыздар. Баршаңызға сәттілік пен жарқын әсер тілеймін! Ең бастысы — бүгін стартқа шығып, осы жолды бағындыруға бел буған әр адам жеңімпаз, — деді өңір басшысы.

Велошеру бағыты спортты, саяхатты және өлке тарихымен танысуды ұштастыру мақсатында арнайы әзірленген. Қатысушылар Атырау көшелерімен жүріп өтіп, қаланың көрікті жерлерін тамашалайды, Еуропа мен Азияны жалғап жатқан Жайық өзені арқылы өтетін көпірлерден өтіп, одан әрі Сарайшыққа қарай бағыт алады.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықовтың айтуынша, Tour de Saraishyq біртіндеп жай ғана спорттық іс-шара емес, өңірдегі қызықты туристік бастамалардың біріне айналып келеді.
— Бұл велошерудің басты ерекшелігі — спорт пен туризмді ұштастыруында. Қатысушылар 100 шақырымдық бағытты еңсеріп қана қоймай, Атырау өңірінің тарихы мен мәдениетімен танысады. Жыл сайын бұл жобаға Қазақстаннан және басқа елдерден қатысушылар саны арта түссе дейміз, — деді Нұрбол Сыдықов.

Қатысушылар арасында бұл шараға арнайы Атырауға келгендер де бар. Астана қаласынан келген Дана Рахымбекова үшін велошеру сүйікті ісімен айналыса отырып, саяхаттауға мүмкіндік береді.
— Мен Атырауды көру үшін арнайы келдім. Мен үшін бұл — қала мен өңірмен жақынырақ танысуға жақсы мүмкіндік. Веложарыстарға жиі қатысамын, велосипед тебумен белсенді айналысамын. Бүгінгі күннен жаңа әсерлер мен Қазақстанның жаңа жерлерін көру мүмкіндігін күтемін. Бұл жерде мен үшін мәдени-танымдық мақсаттың маңызы зор. Өйткені бұл соншалықты жарыс емес, керісінше, жаңа дүниелерді танып-білуге мүмкіндік беретін велошеру, — деді Дана.
Маршруттың өзі велошеруге ерекше атмосфера сыйлайды. Мұнда секунд үшін немесе бірінші болып мәреге жету үшін әдеттегідей бәсекелестік жоқ. Ең бастысы — бүкіл жолды еңсеру, өңірдің кеңістігін сезіну және бір кездері ортағасырлық Даладағы ең ірі қалалардың бірі болған мекенге жету.

Айта кетейік, велошерудің мәресі Сарайшық қалашығының аумағында өтеді. Осылайша спорттық маршрут өзіндік уақыт саяхатына айналады — заманауи Атыраудан ежелгі Сарайшыққа дейінгі жол.







