Атырау қаласында есірткі қылмысының алдын алу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ерекше форматтағы профилактикалық шара ұйымдастырылды.
Шараны Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы облыстық Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы «Новруз» Әзірбайжан этно-мәдени бірлестігі және Есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшелігіне үміткер Алексей Ишинмен бірлесіп өткізді.
Шара барысында Әзірбайжан Республикасынан арнайы келген палуан экстремалды шоу бағдарламасын ұсынып, темірді қолымен майыстыру, тісімен адам көтеру, қылыш үстінде трюктер орындау және шашымен автокөлік сүйреу секілді ерекше өнерлерін көрсетті.
Көрсетілім арқылы тұрғындардың назарын есірткінің адам өмірі мен денсаулығына қауіптілігіне аудару көзделді. Полиция қызметкерлері жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға, салауатты өмір салтын ұстануға және есірткі қылмысының алдын алуға қоғам болып атсалысуға шақырды.



