ИНДЕР ЖЕЛІЛІК-ӨНДІРІСТІК БАСҚАРМАСЫНДА САЛА АРДАГЕРІ ЕСҚАЛИЕВ ТІЛЕКҚАБЫЛ СМАҒҰЛҰЛЫНЫҢ 90 ЖАСҚА ТОЛУЫНА ОРАЙ ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА ӨТТІ.
Ол 1968-1986 жылдар аралығында Индер «Борат» кенішінде аға инженер, 1986-1993 жылдар аралығында кадр бөлімінің бастығы,1993 жылдан бастап Индербор кентіндегі Индер газ айдау компрессорлық станциясы негізінде ұйымдастырылған «Жайық газ айдау» басқармасында, кейін «Интергаз Орталық Азия» ЖАҚ кәсіпорнында зейнеткерлікке шыққанға дейін ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету инженері қызметін атқарған.
Шарада алдымен Индер желілік өндірістік басқармасының басшысы Сағат Шүйінішқалиев сала ардагерінің еңбек жолына тоқтала келе, мерейлі жаспен құттықтады.
Одан соң Атырау облысы бойынша республикалық газ саласы ардагерлер кеңесінің қоғамдық бірлестігі филиалының директоры Гүлзада Аққайсиева мерейгерді Республикалық газ саласы ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерқанат Темірхановтың және өз атынан құттықтап, алғыс хат табыс етті.
Құттықтаулар легін «Атырау» МГҚБ филиалы директорының бірінші орынбасары Искак Құрмашұлы жалғастырып, жас буынға үлгілі іс қалдырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін директор Мұрат Тұрсынбайұлының алғыс хатын табыстап, қазақы қалыппен иығына шапан жапты.
Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағытжан Құнас та кеудесіне «Дауылпаз» медалін тағып, құттықтау хатпен марапаттады.
Сала ардагері Сайлау Жанаберген қартын құрметтеп, әр жылдарда тынымсыз еткен еңбегін айтып жатқан ұжымға ризашылығын білдіріп, ақ тілегін жеткізді.
Мерейтой иесі Тілекқабыл Смағұлұлы қиын кезеңдерде еңбек еткен жылдардағы естелігімен бөлісіп, құрмет төріне шығарған ұжымға алғысын білдіріп, батасын берді.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ,
сурет автордікі


