Денсаулыққа салынған инвестиция

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – 2020 жылдан бері елімізде қолданылып келе жатқан денсаулық сақтауды қаржыландыру моделі. Бұл жүйе Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматына – жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі.

МӘМС қоры жұмыс берушілердің жарнасы, азаматтардың аударымы және мемлекет төлемі есебінен жинақталады. Бұл қаражат сақтандырылған азаматтарға көрсетілетін кеңейтілген медициналық қызметтер тізбесін қаржыландыруға бағытталған. Әу бастан-ақ жүйеге қатысты түрлі көзқарас қалыптасқаны белгілі. Соған қарамастан, медициналық сақтандыру жүйесі – елдің денсаулық сақтау саласындағы ауқымды әрі маңызды реформалардың бірі. Негізгі мақсат – азаматтарды күтпеген медициналық шығындардан қорғау. Бұрын жоғары технологиялық медициналық қызметтер, күрделі диагностикалық тексерулер мен кейбір оталар азаматтардың өз қаржысы есебінен төленетін, ал тегін медициналық көмектің көлемі шектеулі болды. Бүгінде медициналық қызметтер тізбесі едәуір кеңейіп, олар қор қаражаты есебінен тегін көрсетіліп отыр.

Мінсіз жүйе жоқ

Жер жүзінде медициналық сақтандырудың мінсіз моделі жоқ. Әрбір мемлекет өз жүйесін елдің ерекшеліктеріне, қажеттіліктеріне, өмір сүру деңгейі мен халықтың сұранысына бейімдейді. Жаңа модель бастапқы кезеңде бірден ең жоғары тиімділікті көрсете бермейді, сондықтан жүйе өзекті талаптарға сәйкес біртіндеп жетілдіріліп, жаңартылып отырады.

Бүгінде медициналық сақтандырудың арқасында Қазақстан азаматтары үшін жоғары технологиялық медициналық көмек, зертханалық талдаулар, медициналық оңалту, мамандар консультациясы сияқты көптеген қызмет түрлері қосымша төлемсіз-ақ қолжетімді. 2019 жылы МӘМС жүйесі іске қосылар қарсаңында, отандық медицина саласын қаржыландыру көлемі 1 триллион теңге болса, былтыр бұл көрсеткіш 3 триллион теңгеге дейін жеткен. Денсаулық сақтау саласы мемлекет үшін ауқымды қаржылық жүктеме болып саналады.

Медициналық сақтандыру қоры болмаса бұл салада жүйелі даму мен сапалы медициналық көмекті қамтамасыз ету күрделілене түсер еді. Осы тұрғыда жүйе денсаулық сақтау саласының тұрақты әрі тиімді дамуына маңызды үлес қосып отыр. МӘМС қорының қаражаты есебінен мекемелер заманауи технологияларды енгізіп, жоғары тиімді емдеу әдістерін игеруге мүмкіндік алуда. Бұл тиісінше медициналық қызметтер сапасын арттыруға және халық үшін олардың қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді.

Жұмыс істейтін азаматтар табысының небәрі 2 пайызын аудара отырып, өздерінің ғана емес, зейнет жасындағы ата-аналары мен кәмелетке толмаған балаларының да дәрігерлік көмек алуына кепілдік жасайды. Сонымен қатар, әрбір азамат жасы егде тартқан шағында да мемлекет тарапынан қажетті медициналық қолдауға ие болатынына сенім арта алады.

Жарнаны кім төлейді?

МӘМС жүйесі – азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, елдің денсаулық сақтау саласын жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған маңызды тетік. Ал оған жарнаны кім төлеуі керек және одан бас тартуға бола ма?

Жасыратын не бар, жарна төлеуден бас тартуға болмайды, оны барлық еңбекке қабілетті азамат төлеуге міндетті. Мемлекет өз бетінше сақтандыру төлеуге мүмкіндігі жоқ адамдарға қамқорлық жасап, 15 санат бойынша азаматтар үшін жарна аударады. Ол тізімге балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, жүкті әйелдер, студенттер, мерзімді әскери қызметшілер кіреді. Ал, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаражатты жұмыс берушілерден, жұмыскерлер мен мемлекеттен жинақтайды. Жиналған қаражат халыққа медициналық көмек көрсететін мекемелерді қаржыландыруға бағытталады. Яғни, түскен барлық қаржы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен МӘМС пакетін қаржыландыруға жұмсалады.

Қаржыландыруды жоспарлағанда халық саны, сырқаттанушылық деңгейі, медициналық қызметтерге деген сұраныс, басқа да факторлар ескеріледі.

Қаржыландыру көлемі артты

2025 жылы Атырау облысының денсаулық сақтау саласының жалпы бюджеті 82,3 миллиард теңге болыпты. Оның 37,6млрд. теңгесі – МӘМС жүйесі есебінен, ал 44,7 млрд. теңге – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында бөлінді. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы өңірде 63 медициналық мекеме қызмет көрсетіп, қаржыландыру көлемі 27 млрд. теңге болса, былтыр мекемелер саны 79-ға жетіп, қаржыландыру көлемі 82,3 млрд. теңгеге дейін өскен. Алты жылда шамамен үш есе өсім салада қолайлы бәсекелестік ортаның қалыптасуына ықпал етіп, жеке медициналық мекемелердің қызмет көрсетуін кеңейтуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде медициналық тексеру мен емдеу сапасы да айтарлықтай жақсарып отыр.

Ал, жоғары сапалы медициналық көмек алуға әрбір азамат құқылы. Медициналық көрсеткіштер бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек немесе қызметті әр адам ала алады және мұндай көмектің басым бөлігі МӘМС жүйесі арқылы қамтылады. Оған құны миллиондаған теңге тұратын нейрохирургиялық операциялар да кіреді. Жүйенің басты артықшылығы да осында, бірлескен жарналар есебінен жоғары технологиялық көмек әр адамға қолжетімді. Жоғары технологиялық медициналық көмекті МӘМС арқылы алу үшін азаматтың «сақтандырылған» мәртебесі болуы жеткілікті. Ол үшін соңғы бір жылда берешегі болмауы немесе бір жылға алдын ала жарна төленуі шарт. Бұл статус соңғы төлем жасалған айдан бастап үш ай бойы сақталады, алайда жарна төлеу тоқтатылса, осы кезең ішінде қарыз жинала бастайды.

Скринингтен тегін өтесіз

Елде МӘМС жүйесін жетілдіру бағытында маңызды заң қабылданды. Бұл құқықтық акт халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарын, әсіресе әл-ауқат деңгейі дағдарыстық және шұғыл жағдайда тұрған азаматтарды медициналық көмекпен қамтуды кеңейтуге бағытталған. Президенттің халыққа арналған Жолдауында әлеуметтік осал топтарға көбірек қолдау көрсету туралы да айтылды. Өзгерістердің бір бөлігі бүгінде күшіне енген, ал кейбірі биыл енгізілсе, тағы бірқатары келесі жылы қолданысқа енгізілмек. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап скринингтік тексерулер барлық азаматтар үшін, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін жүргізіле бастады. Бұл – ауруларды ерте кезеңде анықтап, емдеуге мүмкіндік береді.

Қабылданған заң шеңберінде биылдан бастап МӘМС жүйесі жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен дағдарысты және шұғыл әл-ауқат деңгейі (Д және Е санаттары) бар 1 миллионға жуық адамды қосымша қамтиды. Халықтың осы санаттары үшін жарналар олардың медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органның жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін тікелей жауапкершілігін ескере отырып, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарнасын төлеуге арналған шығыстар да жергілікті бюджеттерге жүктелмекші.

2026 жылдан бастап медициналық көмектің екі пакеті – Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен МӘМС пакеті біртіндеп бірыңғай медициналық көмек пакеті ретінде біріктіріледі. Әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесін министрлік қайта қарап бекітті. Ал динамикалық бақылауды қажет ететін өзге созылмалы ауруларды біртіндеп МӘМС пакетіне көшіру жұмысы жүріп жатыр. Реформа медицинадағы қызметтердің қайталануын жойып, көмектің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Бірыңғай пакетке ең негізгі қызметтер – шұғыл және паллиативтік көмектер, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезіндегі алғашқы тексерулер пен амбулаториялық дәрі-дәрмек кіреді. Ал МӘМС пакеті бұдан бөлек созылмалы аурулар мен басқа да арнайы көмектерді қамтиды. Мұндай жүйе қаржыландыруды тиімді бөлуге, сақтандырудың шынайы маңызын арттырып, медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Мемлекет алдағы үш жылда Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру мақсатын қойып отыр. Бұл стратегиялық меже денсаулық сақтау жүйесін де жаңа деңгейге көтереді. Ашықтық, қаржылық есептің персонификациясы және медициналық көмектің сапасын нақты бақылау қамтамасыз етіледі. Соның нәтижесінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тұрақты әрі орнықты қаржылық жүйе ретінде қалыптасады.

МӘМС – жай ғана жарна емес. Бұл – әр азаматтың денсаулығына, елдің болашағына қосқан ортақ үлесі.

Әсел НҰҒМАНОВА,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT