«Saraishyq Upgrade 2026» жастар форумында танымал әнші Дастан Оразбеков спикер ретінде қатысып, жастармен шығармашылық жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Әнші форум аясында жастарға белгілі бір нәрсені үйретуден бұрын, өз тәжірибесімен бөлісіп, өнер саласында қалай дамып, шыңдалып келе жатқанын жеткізуді мақсат ететінін атап өтті.
«Жастарға не үйретіп жүр десек, біріншіден, өзімнің осы өнердегі тәжірибеммен бөліскім келеді. Осы өнерде қалай шыңдалып, дамып келе жатқанымды да жастарға жеткізуге тырысамын. Өзімді толықтай мұғалім ретінде көре алмаймын. Менің мақсатым — өз тәжірибеммен бөлісу, бағыт көрсету», — деді Дастан Оразбеков.
Спикер Атырау жастарының белсенділігі мен қонақтарға деген жылы ықыласын да ерекше атап өтті.
«Атырау жастары әрдайым бізді жылы қабылдайды. Бүгінде соның тағы бір жылы көрінісіне куә болып отырмыз. Жастарға көп-көп рақмет! Егер жастардың әрі қарай дамуына қандай да бір септігімізді тигізе алсақ, ол — біз үшін үлкен мүмкіндік. Дамимын деген жастарға рақмет. Жалпы, қай салада болмасын, өсемін деген әр жасқа қуанамыз», — деді әнші.
Дастан Оразбеков үшін форумға спикер ретінде қатысу — жаңа тәжірибе. Ол мұндай форматтағы кездесуге алғаш рет спикер ретінде қатысып отырғанын айтып, жастармен пікір алмасудың өзіне де қызықты екенін жеткізді.
«Форумға спикер ретінде келуім — менің тәжірибемде алғаш рет. Қазіргі таңда ұнап жатыр. Жастармен кездесіп, өз тәжірибеммен бөлісу — мен үшін де жақсы мүмкіндік», — деді Дастан Оразбеков.
«Saraishyq Upgrade 2026» форумы — жастардың білімін жетілдіріп, жаңа идеялармен танысып, түрлі сала мамандарынан тәжірибе алуына мүмкіндік беретін маңызды алаң.



