Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Қазақстан Республикасындағы Италия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло де Риумен кездесті. Қос тарап қала инфрақұрылымы, қоршаған орта, ауыл шаруашылығы және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары жөнінде әңгімелесті.
— Атырау облысы — инвестициялық әлеуеті жоғары, еліміздегі стратегиялық маңызды өңірдің бірі. Біз италиялық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге және тек мұнай-газ емес, басқа да салаларға жаңа технологияларды тартуға мүдделіміз, — деді облыс әкімі.
Антонелло де Риу Атырау облысының Қазақстанның экономикалық дамуындағы рөлін атап өтіп, жаңа бағыттар бойынша әріптестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
Кездесуде қала инфрақұрылымын дамыту, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және екі ел мамандарының кәсіби тәжірибе алмасу мүмкіндігі туралы да айтылды.
Тараптар кездесуді қорытындылап, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін мақұлдады.









