Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің PhD докторы Бәкіжан Кәкім авторлық құқықты сақтау мәселесі аса маңызды екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері Павлодар облысының жұртшылығымен кездескен кезде айтты.
«Жаңа Ата Заң жобасында авторлық құқықтың сақталуына конституциялық деңгейде назар аударылып отырғаны қуантады. Неге десеңіздер, біз – докторанттар, өз ғылыми жаңалығымызды ашқан кезде, жазған кезде авторлық құқықтың сақталуына баса назар аударамыз. Сондықтан оны конституциялық деңгейде бекіту – аса маңызды қадам деп есептеймін», – деді ол.

