Бір үйдің бүтіндігі – қоғамның тыныштығы

Отбасындағы зорлық-зомбылық пен тұрмыстық жанжал – сырт көзге көрінбейтін, бірақ талай шаңырақтың шырқын бұзатын әлеуметтік мәселенің бірі. Оның соңы кейде ерлі-зайыптылардың ажырасуына, балалардың әкесіз не анасыз өсуіне, ал кейде орны толмас өкінішке апарып соқтырып жатады. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін полиция профилактикалық жұмысты үздіксіз жүргізеді.

Атырау қалалық полиция басқармасының ұйымдастыруымен 2-4 қыркүйек аралығында өткен «Қауіпсіз отбасы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында біз де учаскелік полиция инспекторларымен бірге рейдке шықтық. Мақсат – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, полицияның бақылауындағы азаматтардың тұрмыс-тіршілігімен танысу және олармен профилактикалық жұмыстар жүргізу.

Рейд барысында қала шетіндегі Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Ақжар ауылындағы бірнеше үйге бас сұқтық. Әр шаңырақтың өз тарихы бар. Бірақ олардың басын қосатын бір ортақ мәселе – алкогольге тәуелділік пен соның салдарынан туындайтын отбасылық жанжал.

Алғашқы барған үйде анасы екі баласымен тұрады екен. Олар да полицияның профилактикалық бақылауында. Екеуі де отбасынан ажырасқан. Анасының бұған дейін полиция шақырған кездері де болған. Алкогольдік ішімдік ішіп, үй ішінің мазасын алған азаматтарға учаскелік инспектор бірнеше рет ескерту жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Біз барған кезде анасы үйінде, балалары жоқ. Әңгіме барысында учаскелік полиция инспекторы Батырбек отбасындағы жағдайды ғана бақылауда ұстап қоймай, азаматтардың өмірін қалыпқа келтіруге бағытталған шаралардың да маңызын айтып өтті.

– Бақылауда тұрған адамдардың мәселесі полицияның жазалауымен шешілмейді. Тұрақты жұмыстың болмауы, ішімдікке тәуелділік сияқты мәселелер де бар. Егер адам еңбекке араласса, қалыпты ортаға түссе, оның өмірін өзгертуге мүмкіндік бар, — деген инспектор жұмыссыз жүрген азаматтың біріне жұмыс іздеуге көмектесуге ниетті екенін, ол үшін құжаттарын жинау қажеттігін жеткізді.

Ақжаулықты ана да балаларының ішпей жүргенін айтып, қорғаштап әлек. «Қарға баласын әппағым, кірпі баласын жұмсағым» демеуші ме еді, ана жүрек алпамсадай ұлдарын жамандыққа қияр емес…

Әрі қарай рейд тобы келесі мекен-жайға бет алды. Бұл шаңырақта да отбасының берекесін қашырған арақ-шарап. Табалдырықтан аттаған сәттен-ақ үйдегі ауыр ахуал аңғарылды. Отағасы үйде жоқ. Әйелінің айтуынша, ол ішімдікке салынып, тіпті кейде үйдегі заттарды сатып, одан түскен ақшаны араққа жұмсайды. Мұндай жағдай отбасының тұрмысын тұралатып қана қоймай, шаңырақтағы психологиялық ахуалға да салмақ түсірген. Әңгіме барысында әйелдің өзі де ішімдік ішкені, масаңдау күйде болғаны байқалды. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, ішімдіктің отбасы берекесіне, өзі мен жақындарына тигізер зардабы түсіндірілді. Мұндай отбасылардың мәселесі бір күнде шешілмейтіні анық. Сондықтан рейдтің мақсаты да сол, отбасындағы ахуалды бақылауға алып, мұндай ортада өмір сүріп жатқан адамдарға дер кезінде көмек көрсету.

Біз бас сұққан келесі үйдің көрінісі көңілге кірбің ұялатты. Бұл шаңырақтың иесі аулада құлап жатыр. Ал үйдің ар жағынан тағы бір адамның қорылдаған дауысы естілді. Оның да ішімдік ішкені бірден байқалып тұрды. Үй иесі жалғыз тұрады екен. Отбасынан ажырасқан, бес қызы бар.

Әңгіме барысында оның үйіне ішімдікке әуес адамдардың жиі жиналатыны белгілі болды. Яғни, бір кездері отбасы мүшелері мекен еткен шаңырақ бүгінде маскүнемдердің «ордасына» айналған. Есіктің алдында есеңгіреп жатқан адамның көрінісі мен үй ішіндегі ауыр ахуалдың өзі көп нәрсені айтып тұр. Білгеніміздей, бір кездері жұмысқа орналасуына полиция қызметкерлері көмектескенімен, кейін ол жұмыстан шығып кетіпті. Учаскелік инспектор Батырбек бұл азаматтың жағдайын жақсы білетінін айтты. Оның сөзінше, ішімдікке салынған азаматтың үйіне полиция бұған дейін де бірнеше рет барған. Полиция қызметкерлері ер адамды үйіне кіргізіп, жағдайын сұрап, тағы да түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал өзі болса, болған жағдайдан қорқып, «Мені алып кетпеші» деп жалынды.

Бұл көрініске қарап тұрып, еріксіз ойға қаласың. Бір кездері бес қыздың әкесі болған адамның тағдырының түбегейлі өзгергені өкінішті. Ал оның артында әкесінің қамқорлығын қажет ететін бес бала қалды.

Мұндай ішкіштердің зардабы алдымен өзіне, одан кейін жарына, балалары мен ата-анасына тиеді. Үйдегі ұрыс-керіс баланың психологиясына әсер етеді. Ерлі-зайыптылар арасындағы сенім жоғалады. Соңы ажырасуға ұласады. Ал кейбір отбасыларда балалар тірі ата-анасы бола тұра, жылулық пен қамқорлықты аңсап өседі.

Полиция қызметкерлерінен бігеніміздей, мұндай отбасылар аз емес. Сондықтан «Қауіпсіз отбасы» секілді профилактикалық іс-шаралардың маңызы зор. Мұндағы мақсат – құқық бұзушылықты анықтап, хаттама толтырудан бұрын, отбасындағы жағдайды бақылауға алып, мәселенің тамырына үңілу.

Қалалық полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Әйгерім Орақбаеваның айтуынша, биыл сегіз айда отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында әйелдерге қатысты жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылған.

– Жыл басынан бері отбасы-тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша 2647 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Былтыр осы кезеңде көрсеткіш 2572 адам болған. Сонымен қатар, «102» жүйесіне 2608 хабарлама түссе, өткен жылдың сегіз айында 2928 хабарлама тіркелген. Биыл 2334 қорғау нұсқамасы шығарылды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 2203 болған. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 146 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Былтыр мұндай 162 жағдай тіркелген болатын. Сондай-ақ отбасы-тұрмыстық салада құқық бұзушылық жасап, жауапкершілікке тартылған азаматтардың 599-ына сот шешімімен мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді. Өткен жылы бұл талап 609 адамға қатысты қолданылды, — дейді бөлімше бастығы.

Иә, бір жерде жұмыссыздық бар. Бір жерде ішімдікке тәуелділік бар. Енді бір жерде ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік ушығып кеткен. Мұның барлығы жеке-жеке қаралатын мәселелер болғанымен, түптеп келгенде бір шаңырақтың тағдырына әсер етеді. Учаскелік инспекторлардың жұмысы да осындай отбасылармен күнделікті байланыс орнатудан тұрады. Бірінің жағдайын сұрайды, екіншісіне ескерту жасайды, үшіншісіне жұмыс табуға көмектесуге тырысады. Өйткені кейде адамды қылмыстан сақтап қалудың ең тиімді жолы – оған қолдау көрсету, қоғамға қайта қосылуына мүмкіндік жасау.

Рейд барысында біз көрген үш үй – бір ғана мәселенің үш түрлі көрінісі. Бірінде ана алаңдайды, бірінде әйел полициядан көмек сұрайды, енді бірінде бес баланың әкесі жалғыз қалып, ішімдіктің құрсауынан шыға алмай отыр.

Ең өкініштісі, мұндай тағдырлардың ешқайсысы бір күнде қалыптаспайды. Сондықтан отбасыдағы қауіптің алғашқы белгісін дер кезінде байқау, көмек сұраудан ұялмау және қиындықты үнсіз жасырып қалмаған жөн. Өйткені бір отбасының амандығы тұтас қоғамның тыныштығы ғой.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT