Азаматтардың әлеуметтік құқықтары күшейеді

Жаңа Конституция жобасы әрбір азаматқа ең төменгі зейнетақы мөлшеріне және жасына, ауруына немесе мүгедектігіне байланысты әлеуметтік қамсыздандыруға тікелей кепілдік береді. Мемлекет әлеуметтік қамсыздандыру мен қайырымдылықты дамытуға жәрдемдеседі, бұл егде жастағы адамдар үшін қосымша «қауіпсіздік жастығын» қалыптастырады. Бұл туралы “Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалиция мүшесі Кеңес Қосыбаев «Қазақтелеком» АҚ ұжымымен кездесуде атап айтты.

img 3484

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен онда қарастырылған әлеуметтік кепілдіктер кеңінен түсіндірілді. Жиынға қатысушыларға құжаттағы жаңашыл бастамалардың мәні мен маңызы туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Сондай-ақ жиында коалиция мүшесі Фатима Төлеева және Ақылбек Құлбарақов жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер, әлеуметтік және медициналық кепілдіктер туралы толық ақпарат берді. Олар жаңа редакциядағы нормалар азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Кеңес Қосыбаев зейнетақымен қамсыздандыруға арналған конституциялық кепілдіктерге тоқталып, бұл бағыттағы өзгерістер халықтың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Оның айтуынша, Конституцияда бекітілетін әлеуметтік нормалар мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті нығайта түседі.

Сонымен қатар, жаңа редакцияда медициналық көмек алу құқығы нақты заңдық тұрғыдан бекітілген: барлық медициналық шығынды мемлекет өз мойнына алады. Яғни, азаматтар заңда белгіленген көлемде өздері төлейтін шығынсыз медициналық көмек алуға толық құқылы. Бұл қағида медициналық қызмет көрсетуді халық алдындағы мемлекеттің конституциялық міндеті ретінде бекітеді.

Кездесу барысында «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері өз пікірлерін білдіріп, жаңа Конституция жобасының қоғам үшін маңыздылығына тоқталды. Олар ұсынылып отырған реформалардың әлеуметтік бағытта екеніне назар аударып, мұндай бастамалардың халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Кездесу қорытындысында «Қазақтелеком» АҚ ұжымы жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын айтып, реформалардың әлеуметтік мәнін жоғары бағалады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT