Атыраулық JasUp жобасының оқушысы халықаралық турнирде топ жарып, AI университетінің грантын жеңіп алды

JasUp білім беру жобасының оқушысы Парасат Сакишев Almaty Tech Cup XII («Age of AI») халықаралық технологиялық жарысында Battle of Bots («Роботтар шайқасы») номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Almaty Tech Cup XII – Орталық Азиядағы ең ірі STEM іс-шараларының бірі. Биылғы турнирге Қазақстан, Өзбекстан, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері және өзге де елдерден 3000-нан астам қатысушы жиналды. Байқауда жас инженерлер, бағдарламашылар мен әзірлеушілер робототехника, жасанды интеллект және заманауи технологиялар саласындағы өз жобаларын таныстырды.

Жарыстың ең тартысты бағыттарының бірі – Battle of Bots сайысында қатысушылар өздері құрастырған роботтардың мүмкіндіктерін көрсетіп, инженерлік шешімдері, басқару дәлдігі және техникалық шеберлігі бойынша сынға түсті. Нәтижесінде JasUp жобасының оқушысы Парасат Сакишев үздік деп танылып, алтын жүлдені жеңіп алды.

Жеңісі үшін ол 250 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа, сондай-ақ Астана қаласында ашылатын Qazaq AI Research University (QAIRU) университетінде білім алуға арналған грантқа ие болды. QAIRU – Орталық Азиядағы жасанды интеллект саласына маманданған алғашқы зерттеу университеті. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылып, әлемдік деңгейдегі AI инженерлерін даярлайтын жетекші білім беру орталығына айналмақ.

JasUp жобасының жетекшісі Асқар Алданның айтуынша, Парасаттың жеңісі – жүйелі дайындықтың және қазақстандық жастардың инженерлік мамандықтарға деген қызығушылығының айқын нәтижесі.

– Парасаттың жетістігі – бәріміз үшін үлкен мақтаныш. Бұл жеңіс қазақстандық оқушылардың халықаралық деңгейде жоғары бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді. Бүгінде робототехника мен жасанды интеллект әлемдік экономиканың негізгі даму бағыттарының біріне айналды. Сондықтан біздің мақсатымыз – дарынды жастардың өз әлеуетін Қазақстанда жүзеге асыруына мүмкіндік жасау. Осындай жеңістер басқа оқушыларды да инженерияға, бағдарламалауға және ғылыми ізденіске ынталандырады, – деді Асқар Алдан.

Парасат Сакишевтің жеңісі қазақстандық оқушылардың халықаралық технологиялық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғауға қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, STEM бағытындағы отандық білім беру жобаларының жаңа буын инженерлері мен әзірлеушілерін даярлаудағы әлеуетін көрсетті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT