Атырау қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері рейдтік іс-шаралар өткізуде.
Іс-шара барысында 7 қыркүйек күні көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, көлік басқарған Lada Niva, Hyundai Elantra маркалы автокөліктері және Yamaha маркалы мотоцикл тоқтатылды.
Аталған фактілер бойынша жүргізушілерге әкімшілік хаттамалар толтырылып, іс материалдары мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды.
Сонымен қатар, үзіксіз қос жолақты сызықты кесіп өтіп, қарсы бағытқа шыққан Subaru маркалы автокөліктің жүргізушісі анықталып, оған қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шара қабылданды.
Полиция жүргізушілерді көлік құралын мас күйде басқармауға, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол қауіпсіздігі талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырады.



