Атырау қаласында корей этномәдени бірлестігі «Тхоньиль-Атыраудың» құрылғанына 35 жыл толуына арналған салтанатты шара жоғары деңгейде өтті. Мерейтойлық кеш өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, түрлі өңірлер мен елдерден келген қонақтардың басын қосты. Оған облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысып, шынайы лебізін жеткізді.

-Бұл игі бастама – өңіріміздің дамуына серпін беріп, қоғамымыздағы бірлік пен ынтымақты нығайтатын маңызды қадамдардың бірі. Осындай мазмұнды жобалардың жүзеге асуы – ел болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Әсіресе, өскелең ұрпақтың саналы, білімді, отаншыл болып қалыптасуына бағытталған әрбір іс – мемлекетіміздің жарқын келешегіне салынған берік негіз. Алдағы уақытта да осындай игі істер жалғасын тауып, өңіріміздің өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының артуына өз үлесін қоса береді деп сенемін,-деді Д.Шамұратов.

Шараға Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігі жанындағы Корей мәдени орталығының делегациясы, сондай-ақ Ақтау, Ақтөбе және Орал қалаларынан арнайы келген меймандар қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы Юрий Шин мен Корей мәдени орталығының директоры Ку Бон Чхоль болды.

Мерекелік кеш аясында көрермендерге ерекше форматтағы театрландырылған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Қойылымда корей халқының тарихи тағдыры, депортация кезеңіндегі қиындықтар, ұрпақтар сабақтастығы, отбасы құндылықтары көркем түрде бейнеленді. Сонымен қатар дәстүрлі корей өнері – самульнори, ұлттық билер, вокалдық және хореографиялық нөмірлер сахналанып, тхэквондо шеберлерінің өнері көпшілік назарына ұсынылды.

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен айтулы шара көрермендерге ерекше әсер сыйлап, өңірдегі этносаралық татулық пен мәдени әртүрліліктің жарқын көрінісіне айналды.







Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

