Атырауда «Отбасы – бақыттың бастауы» апталығы басталды

Атырауда Отбасы апталығының салтанаты  ашылуы өтті. Шара ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, үлкендерге құрмет көрсетуге және отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Жиын құрметті ақсақалдардың «Үлкендердің батасы» рәсімімен басталды. Шарада Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссиясының жауапты хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина мен «ЕЛСАНА» руханият-патриоттық қауымдастығының президенті Нұрберген Дәулетов сөз сөйледі. Ал қауымдастық кеңесшісі Майра Кожракова «Отбасы: дәстүрден қазіргі заманға» тақырыбында баяндама жасады.
Статистикалық мәліметтер
Жиында «Қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасының деректері ұсынылды. 3000 респондент қатысқан сауалнама нәтижесі бойынша халықтың 93,5%-ы отбасының маңызын жоғары бағаласа, отау құрғандардың 95,4%-ы өміріне риза.

«Ағаш тамырымен мықты» айдары аясында фотосуреттер көрсетіліп, өңірдегі бірге отасқан әулеттердің тәжірибелері мен дәстүрлері ортаға салынды. Шарада 80 жылдық тарихы бар Дәулетовтер әулеті мен 100 жастағы Күлима ана, 63 жыл бірге тұрған Ақмырза мен Жібек Батырхайырұлы, сондай-ақ 79 жылдық тарихы бар Қыстаубаевтар әулеті және өзге де мерейлі отбасылар аталды.
Жиын соңында қатысушыларға сыйлықтар табысталып, Ақмырза ақсақал бата берді.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT