Атырау қаласындағы тіл мүкістігі бар балаларға арналған №3 облыстық арнайы мектеп-интернатында JasUp жобасының тәлімгерлері робототехника бойынша шеберлік сабағын өткізді. Сабаққа 7–10 сынып оқушылары қатысты. Практикалық жұмыс барысында оқушылар электрондық бөлшектерден жұмыс істейтін шағын шлагбаум моделін құрастырып, автоматтандыру қағидаттарымен танысты, сондай-ақ командалық жұмыс пен инженерлік ойлау дағдыларын дамытты.
JasUp — 13–24 жас аралығындағы жастардың техникалық және цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған білім беру жобасы. Бағдарлама робототехника, бағдарламалау негіздері, электрондық компоненттермен жұмыс істеу және инженерлік жобалау бағыттары бойынша оқытуды қамтиды. Жоба аясында практикалық сабақтарға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл қатысушыларға алған білімдерін іс жүзінде қолдануға, креативтілігін дамытуға және технология саласындағы сұранысқа ие мамандықтарға дайындалуға мүмкіндік береді.
Жоба "Теңізшевройл" компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылады және жастардың заманауи техникалық білімге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.

