Атырау облысында соңғы екі жылда 1000 грамнан төмен салмақта туатын сәбилер саны артқанымен, олардың арасындағы өлім-жітім көрсеткіші төмен. Бұған дәрігерлердің кәсіби біліктілігін жүйелі түрде арттыру жұмыстары оң ықпал етуде.
Осы мақсатта облыстық перинаталдық орталықта «Неонатологиядағы респираторлық терапия. Ерте операциядан кейінгі кезеңді жүргізу» тақырыбында халықаралық оқыту семинары басталды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
5–7 тамыз аралығында өтетін семинарға өңірдегі 20 неонатолог және анестезиолог-реаниматолог дәрігері қатысуда. Оқытуды халықаралық деңгейдегі жетекші мамандар Алексей Мостовой мен Семен Межинский жүргізуде.
Алексей Мостовойдың айтуынша, үш күндік бағдарлама аясында қатысушылар тыныс жеткіліксіздігін диагностикалау мен емдеудің, респираторлық қолдау көрсетудің және жаңа туған нәрестелерге қарқынды терапия жүргізудің заманауи әдістерін меңгереді.
– Бағдарлама барысында тыныс алу физиологиясы мен респираторлық механика, тыныс жеткіліксіздігін клиникалық бағалау, жаңа туған нәрестелерді бастапқы респираторлық тұрақтандыру, өкпені инвазивті және инвазивті емес жасанды желдету, жоғары жиілікті вентиляция, графикалық мониторинг және жасанды желдету параметрлерін әр науқасқа бейімдеу мәселелері қарастырылады, – деді Алексей Мостовой.
Іс-шараны Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен «AlmaEco» компаниясы ұйымдастыруда. Білім беру жобасының бас демеушісі – «ЭксонМобил Қазақстан Инк.» корпорациясы.


