Атырау облысында жастардың жұмыспен қамтылуына бағытталған іс-шаралар күшейтілуде. Соның нәтижесінде білім алмайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби даярлықтан өтпейтін NEET санатындағы жастардың үлесі төмендеген, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Былтыр NEET санатындағы жастар 5,8 пайызды құраса, биыл 5,6 пайызға дейін азайған.
Жастарды еңбек нарығына бейімдеу мақсатында өңірде «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» сияқты мемлекеттік және өңірлік жобалар жүзеге асырылуда.
Жыл басынан бері мансап орталықтарына жұмыспен қамту мәселесі бойынша 13 383 жас жүгінген. Оның 99,7 пайызы жұмыспен қамту шараларына тартылды. 3 475 жас жұмысқа орналастырылса, оның 1 998-і тұрақты жұмысқа, 1 477-сі субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды.
Сонымен қатар 839 жас «Жастар практикасы», 163 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына тартылды.
Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкелері. Биыл облыста 46 жәрмеңке өткізу жоспарланған. 1 шілдеге дейін 20 жәрмеңке ұйымдастырылып, оған 425 жұмыс беруші мен 2 592 жұмыссыз қатысты. Нәтижесінде 715 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Оның 407-сі – жастар.
Жастар арасындағы жалпы жұмыссыздық деңгейі де төмендеп келеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,5 пайыз болса, 2025 жылы 2,4 пайызды, ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында 2,3 пайызды құрады.
NEET санатындағы жастардың үлесін азайту мақсатында жастарды жұмыспен қамту, кәсіби бағдарлау және еңбек нарығына бейімдеу бағытындағы жұмыстар жалғасады.


