«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында Атырау қаласында «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясының екінші кезеңі ұйымдастырылды. Акция Жайық өзенінің жағалауында өтіп, оған 150-ге жуық мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен ерікті жастар қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – су көздерін тазалау және абаттандыру, өзен-көлдердің жағалауларын қоқыстан тазарту, сондай-ақ тұрғындарды су ресурстарын ұқыпты пайдалануға шақыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатты қорғауға деген жауапкершілікті арттыру.
Акция барысында қатысушылар Жайық өзенінің жағалауын қоқыстан тазартып, 10 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарды. Сонымен қатар, қоршаған ортаны таза ұстаудың және су ресурстарын қорғаудың маңыздылығы кеңінен насихатталды.
"«Судың да сұрауы бар» деген халқымыздың нақыл сөзі бүгінгі экологиялық бастаманың мәнін айқындай түседі. Су - тіршіліктің көзі, сондықтан оны көздің қарашығындай сақтау - әр азаматтың ортақ міндеті. Мұндай шаралар табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қоғамды ортақ игі іске жұмылдырады."- деді Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Нұрбақыт Махсотов.
Ұйымдастырушылар акцияға қатысқан барлық азаматтарға алғыс білдіріп, мұндай бастамалар еліміздің табиғатын сақтауға және экологиялық жауапкершілікті арттыруға зор үлес қосатынын айтты.
Ақтілек Базарбаева


