Атырау қаласында 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Спорт есірткіге қарсы» ұранымен қыздар арасында мерекелік жүгіру жарысы ұйымдастырылды. Мұндай спорттық іс-шара қалада алғаш рет өтіп отыр.
Қыздардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамда есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыруды мақсат еткен жарыс 3 және 5 шақырым қашықтықты қамтыды. Қатысушылар 35 жасқа дейінгі және 35 жастан жоғары нәзік жандылар санаттары бойынша бақ сынады.
Іс-шараның ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бас маманы Әлихан Құспанов сөз алып, қатысушыларды мерекемен құттықтады.
– Құрметті қонақтар, жарысқа қатысушылар! Ең алдымен баршаңызды 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жүгіру марафонына қош келдіңіздер! Бүгінгі шара баршаңызға жақсы көңіл күй сыйлап, салауатты өмір салтын насихаттайтын жарқын мерекеге айналсын. Қатысушылардың барлығына сәттілік, әділ бәсеке және жарқын жеңістер тілеймін, — деді басқарма өкілі.
Сондай-ақ облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі, полиция майоры Айбол Ідірісов те қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.
– Бұл жүгіру жарысы қоғамдағы нашақорлық дертіне қарсы бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Бүгінгі сайыс жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйласын. Баршаңызға сәттілік тілеймін, — деді Айбол Қайратұлы.
Жарыс барысында қатысушылар өздерінің жылдамдығы мен төзімділігін көрсетіп, тартысты бәсеке өрбіді.
Спорттық іс-шараны RunclubAtyrau ұйымдастырушы тобы өткізіп, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы қолдау көрсетті. Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген қатысушылар жиналды. Орал және Ақтау қалаларынан келген қонақтармен қатар, Исатай және Жылыой аудандарынан да көптеген қыздар белсенді қатысты. Сонымен қатар қалада жұмыс істеп жүрген өзге ұлт өкілдері де жарысқа қатысып, спорт арқылы достық пен бірліктің үлгісін көрсетті.
Жарыс барысында қатысушыларға гүл шоқтары табысталып, арнайы лотерея ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар ойнатылды. Жеңімпаздарға спа-салонына сертификаттар, спорттық кроссовкалар және екі велосипед табысталды.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай спорттық шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген автор

