Атырауда Хамит Ерғалиевтің 110 жылдығына арналған көрме өтті

Атырау қаласында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хамит Ерғалиевтің туғанына 110 жыл толуына орай «Халық сүйген қаламгер» атты ашық аспан астындағы көрме-кездесу өтті.

 

Шараға Атырау облысы Цифрландыру және архивтер басқармасының өкілдері, ақынның көзін көрген, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мәди Өтепқалиев, сондай-ақ қаламгердің туған немере қарындасы, Атырау облысы Ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ Медиация орталығының кәсіби медиаторы Гүлнафис Ерсайынқызы Жармұханбетова қатысты.

 

Кездесу барысында Гүлнафис Жармұханбетова ақынның шығармашылық мұрасы мен аудармашылық еңбегіне тоқталды. Оның айтуынша, Хамит Ерғалиев Уильям Шекспирдің сонеттерін қазақ тіліне аударуға алты жылын арнап, бұл еңбегін шығармашылық ғұмырының маңызды белестерінің бірі ретінде бағалаған. 

 

Шараның негізгі бөлігі Атырау облысының мемлекеттік архиві әзірлеген «Халық сүйген қаламгер» атты көрмені таныстыруға арналды. Көрмеге ақынның жеке тектік қорында сақталған құжаттар қойылып, келушілерге оның өмір жолы мен шығармашылығынан сыр шертетін тарихи деректер ұсынылды. Көрменің мақсаты-архивте сақталған құжаттар арқылы Хамит Ерғалиевтің өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, әдеби мұрасын дәріптеу және жас ұрпақтың ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.

 

Кездесу аясында №1 Атырау білім-инновация лицей-интернатының оқушылары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, жиналған қауымға рухани әсер сыйлады. Шара соңында ұйымдастырушылар оқушыларға алғыс хат табыстады.

 

Хамит Ерғалиев 1916 жылғы 14 қазанда Қамысқала ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысып, майданнан оралған соң өмірін әдебиетке арнаған қаламгер қырыққа жуық жыр кітабын жарыққа шығарды. Оның «Құрманғазы», «Күй дастан», «Сенің өзенің» секілді шығармалары қазақ әдебиетінің құнды мұрасына айналды.

 

Мерейтойға арналған шараны Атырау облысы Цифрландыру және архивтер басқармасы мен Атырау облысының мемлекеттік архиві бірлесіп ұйымдастырды. Кездесу ақынның Әйтеке би көшесіндегі ескерткіші маңында өтіп, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

 

 

 

 

 

 

 

      

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT