Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақуикипедиясын дамыту: тіл және цифрлық қоғам» тақырыбында облыстық семинар өтті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиында қазақ уикипедиясының қазіргі жағдайы, оны сапалы контентпен толықтыру және ғылыми мақалаларды жариялау мәселелері талқыланды. Қазір қазақ уикипедиясында 243 мыңнан астам мақала бар. Жоба Орталық Азияда 2-орында, ал әлем бойынша 50-орында тұр. Ай сайын қазақша уикипедия беттері 26,8 млн рет қаралады.
Семинарда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 2025 жылы ашылған уикипедиялық орталықтың жұмысы таныстырылып, университетінің постдокторанты Ақмарал Дәуітқұлова қатысушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
-Атырау облысы республика бойынша уикипедияға мақала жазуда алдыңғы орында. Қазақ тілінде ақпарат неғұрлым көп болса, жасанды интеллект те соны пайдаланып, кеңінен таратады. Уикипедияға мақала жазу үшін ғалым болу міндетті емес, тек тіркеліп, бар ақпаратты толықтыруға, түзетуге немесе жаңасын қосуға болады, – деді Ақмарал Дәуітқұлова.

