“Зере” бөбекжай-балабақшасының ұйымдастыруымен “Гидропоника – жасыл бақша тынысы” атты қалалық семинар өтті. Шараға Атырау облысы бойынша Экология департаментінің бас маманы Актолқын Қалдыбаева қатысты.
Семинар балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған “Жасыл балабақша” жобасы аясында ұйымдастырылды. Іс-шара барысында балабақшада “Гидропоника әлемі” кабинеті ашылып, қатысушыларға өсімдіктерді топырақсыз өсіру тәсілі, олардың өсу үдерісі, күтіп-баптау ерекшеліктері және су айналымы механизмі туралы жан-жақты мәлімет берілді.
Сонымен қатар, балабақша тәрбиеленушілері “Жылыжай – жасыл бақша ордасы”, “Қалдықсыз болашақ” тақырыптарында ашық сабақ өткізіп, табиғатты қорғау бағытындағы білімдері мен шығармашылық қабілеттерін танытты.
Семинар соңында қатысушылар бүлдіршіндер мен балабақша ұжымына алғыстарын білдіріп, экологиялық тәрбие мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған мұндай жобалардың маңыздылығын атап өтті.
Н. Насыр

