Атырауда 18 сәуір - халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай сенбілік ұйымдастырылды.
Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен шара Балықшы ықшамауданындағы Бейбітшілік көшесінде орналасқан «Достық» саябағындағы «Ұлы Отан соғысында қаза болған жерлес-жауынгерлерге арналған обелиск» маңында өтті.
Тазалық жұмыстарына орталық қызметкерлерімен қатар Атырау жоғары көпсалалы «Болашақ» колледжінің студенттері де белсенді қатысты. Қатысушылар ескерткіш аумағын қоқыстан тазалап, ағаш діңдерін әктеп, саябақ ішін ретке келтірді.
Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының тарихшысы Самалгүл Төлеуованың айтуынша, шараның басты мақсаты – жастар мен тұрғындарды тарихи-мәдени мұраны қорғауға жұмылдыру, мәдени құндылықтарға деген құрметті арттыру және қоғамдағы азаматтық белсенділікті қалыптастыру.
Айта кетейік, сенбілік «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында және «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің «Мәдениетті мұра» республикалық жобасы шеңберінде жүзеге асты.
Нұргүл Насыр

