Атырауда екі айлық сәбиге күрделі көз отасы жасалды

Атырау облыстық перинаталдық орталығында шала туған екі айлық сәбиге күрделі ота сәтті жасалды.

 

Нәресте мерзімінен бұрын дүниеге келген. Соған байланысты оның көзінің торқабығы толық дамып үлгермеген. Дәрігерлер сәбиге шала туған нәрестелерде кездесетін ретинопатия диагнозын қойған.

 

Бұл дерт уақытында емделмесе, көру қабілетінің нашарлауына, тіпті соқырлыққа әкелуі мүмкін.

 

Атырау облыстық перинаталдық орталығының дәрігер-офтальмологы Аида Серікқызының айтуынша, мұндай балаларды ерте тексеріп, дер кезінде ем жүргізу өте маңызды. Заманауи медициналық құрылғылардың көмегімен дәрігерлер күрделі оталарды қауіпсіз әрі тиімді жасап келеді.

 

Дәрігерлердің кәсіби біліктілігі мен заманауи технологияның арқасында сәбидің көру қабілетін сақтап қалуға мүмкіндік туды.

 

Айта кетейік, аталған орталықтың неонаталдық хирургия бөлімінде тек Атырау облысынан ғана емес, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан келген сәбилерге де көз оталары жасалып, олардың жарық дүниені көруіне мүмкіндік беріліп келеді.

 

Нұргүл Насыр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT