Атырау облыстық Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов қаладағы ауа сапасының нашарлауына байланысты сұхбат берді.
Оның айтуынша, департамент жүргізген тексеру барысында ауадағы ластаушы заттардың рұқсат етілген шекті концентрациядан асу фактілері анықталған. Мұндай көрсеткіштер AirKZ қосымшасы мен «Қазгидромет» мәліметтерінде де тіркелген.
«Шекті концентрациядан асу фактісі бар. Ол тіркелді. Негізінен мұндай ластану түнгі және таңғы уақытта байқалып отыр. Екі күн жүргізілген зертханалық зерттеу нәтижесінде кейбір ластаушы заттардың мөлшері рұқсат етілген нормадан бірнеше есеге жоғары екені анықталды», – деді Асқар Жүсіпов.
Департамент басшысының сөзінше, 31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Атырау қаласында жел бағыты тұрақты түрде оңтүстік-шығыс және оңтүстік бағыттан соққан.
«Осы бағытта орналасқан ластаушы көздердің бірі – Атырау мұнай өңдеу зауыты болып отыр», – деді ол.



