Атырауда 10-18 жас аралығындағы жас каратэшілер арасында «Есірткіге қарсы спорт» ұранымен жүгіру марафоны ұйымдастырылды. Іс-шараны Атырау облыстық Киокушинкай каратэ-до ұлттық федерациясының филиалы «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында өткізді.
Шараның басты мақсаты - жас ұрпақтың есірткіге қарсы тұрақты көзқарасын қалыптастыру, оларды спортқа баулу және салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар, қатысушылар арасында тәртіп, жауапкершілік және заңға бағыну құндылықтарын нығайту көзделді.
Марафон аясында жаппай жүгіру ұйымдастырылып, алаңда каратэшілер өз өнерлерін көрсетті. Көрсетілім барысында жас спортшылардың дайындығы мен шеберлігі көпшілік назарына ұсынылды.
Айта кетейік, шараға Атырау қаласындағы түрлі каратэ федерацияларынан шамамен 300-ге жуық спортшы қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл марафон арқылы жастарды салауатты өмір салтын ұстануға және спортпен белсенді айналысуға шақыру көзделген. "Бұл эстафетаны барлық өңірге жолдаймыз. Негізгі мақсат - жастарды спортқа тарту және зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеу", деді Киокушинкай-кан каратэ республикалық федерациясының директоры Мурат Джулдасов.
Ақтілек Базарбаева

