Атырауда 30-дан астам мопед мінген жасөспірім анықталды

Соңғы уақытта жасөспірімдер арасында мопедтерді пайдалану жиілеп, жол қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық туындатуда. Осыған байланысты облыс аумағында жасөспірімдердің жол қозғалысы ережелерін сақтау деңгейін арттыру, сондай-ақ олардың қатысуымен болатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 1–3 мамыр күндері аралығында «Мопед» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Іс-шара барысында мопед басқарған 34 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Ювеналдық полиция және патрульдік полиция қызметкерлері жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігі жөнінде ақпарат берді. Рейд нәтижесінде белгілі болғандай, жасөспірімдердің басым бөлігінде жүргізуші куәлігі жоқ, жол қозғалысы ережелері бойынша білім деңгейі жеткіліксіз. Сонымен қатар, олар қорғаныс құралдарын пайдаланбайды әрі белгіленген жылдамдық режимін сақтамайды. Мұндай әрекеттер олардың өз өмірі мен денсаулығына ғана емес, жол қозғалысының өзге қатысушыларына да елеулі қауіп төндіреді.

Мәселен, 2 мамыр күні сағат 20:00 шамасында Құрманғазы ауданында патрульдік полиция қызметкерлері күдік тудырған мопедті тоқтатты. Тексеру барысында көлік құралын 2012 жылы туған жасөспірім басқарғаны анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Кәмелетке толмағандарға көлік құралдарын басқаруға рұқсат беру – олардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірумен тең.

Құрметті ата-ана! Осындай оқыс оқиғаларға жол бермеңіз. Балаңыздың өмірі - өз қолыңызда!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT